2 сағат бұрын
«Ертіс» сапына Кот-д’Ивуар құрамасының ойыншысы қосылды
Фото: «Ертіс» футбол клубы
Павлодарлық «Ертіс» футбол клубының қатарына ивуариялық жартылай қорғаушы Жан-Морель Поэ қосылды, деп хабарлайды Sport12.kz.
29 жастағы футболшы командамен бірге Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, ұжыммен толыққанды дайындықтан өтті. Жиын қорытындысы бойынша ойыншымен еңбек келісімшартына қол қойылды.
Поэ кәсіби мансабын өз елінде — Кот-д’Ивуарда бастап, «Вильямсвилль» және АСЕК Мимозас клубтарында өнер көрсетті. Аталған команданың құрамында ол екі рет ел чемпионы атанды (2016/17, 2017/18 маусымдары), сондай-ақ 2018 жылы Кот-д’Ивуар Кубогының иегері болды. Бұдан бөлек, футболшы КАФ Конфедерация кубогының топтық кезеңінде ойнады.
Кейін жартылай қорғаушы Еуропада мансабын жалғастырып, Беларусь чемпионатында «Торпедо-БелАЗ», «Смолевичи», «Неман» және Динамо Минск клубтарының намысын қорғады. Сондай-ақ мысырлық «Исмаили» сапында өнер көрсетті.
Соңғы маусымдарда Поэ “Кривбасс” құрамында ойнап, 2023/24 маусымында Украина чемпионатының қола жүлдегері атанды. Өткен маусымда грек клубы «Ираклис» сапында өнер көрсетті.
Футболшы УЕФА Еуропа Лигасы іріктеу кезеңдерінің матчтарына қатысқан, сондай-ақ Кот-д’Ивуар ұлттық құрамасына да шақырту алған.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»