6 сағат бұрын

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы өткен маусымды қорытындылады

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы өткен маусымды қорытындылады

Фото: «Барыс» хоккей клубы

2025/26 жылдардағы ҚХЛ тұрақты чемпионатында «Барыс» өткен маусымды қорытындылады, деп хабарлайды Sport12.kz.

Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Тұрақты чемпионат қорытындысы бойынша «Барыс» 54 ұпай жинап, ҚХЛ Шығыс конференциясында 10-орынға (лиганың жалпы кестесінде 18-орын) тұрақтады. Бұл соңғы үш жылдағы ең үздік нәтиже.

Астаналықтар 21 жеңіске жетіп, тағы 12 матчта негізгі уақыттан тыс жеңіліп, ұпай еншіледі. Сондай-ақ 10 ойында негізгі уақытта бар болғаны бір шайба айырмасымен жеңілгенін атап өткен жөн.

Чемпионаттағы ең ірі жеңіс 7 наурыз күні тіркелді. Сол күні қазақстандықтар Шанхайда өткен сырт алаңдағы матчта «Shanghai Dragons» командасын 8:4 есебімен жеңді. Бұл ойында маусымдағы жалғыз хет-трик тіркелді – Майкл Веккьоне үш шайба соқты.

Ал бұған дейін 2 наурызда Санкт-Петербургте Михаил Кравец ойыншылары СКА-дан 0:7 есебімен ұтылып, маусымдағы ең ірі жеңілісіне ұшырады.

«Барыс» ойыншылары 68 матчта 154 шайба соқты. Орташа нәтиже өткен маусымдағы 1,46-дан 2,26 голға дейін өсті. Ал өз қақпаларына 208 шайба жіберді (орта есеппен 3,06).

Кем құрамда ойнау көрсеткіші бойынша қазақстандық клуб лигада 2-орын алды (қарсыластың басымдығын 85,1% жағдайда тоқтатты). Бұл көрсеткіште олар тек тұрақты чемпионат жеңімпазы «Металлургтен» (85,3%) ғана қалып қойды. Ал аартық құрамда (13%) «Барыс» соңғы орындардың бірін иеленді.

Команданың ең нәтижелі ойыншылары – Майкл Веккьоне (19 гол + 27 пас) және Райли Уолш (16+30). Веккьоне 6 жеңіс шайбасымен маусым көшбасшыларының қатарына енді және 7 рет басымдықта гол соғып, командада үздік атанды. Ал Уолш қорғаушылар арасындағы үздік сұрмергендердің топ-5 қатарына кіріп, ойын уақыты (орта есеппен 22:25) мен қақпаға бағытталған соққылар саны (207) бойынша көш бастады.

Жеті қазақстандық хоккейші ҚХЛ-дегі ең нәтижелі маусымын өткізді. Атап айтқанда, Дінмұхамед Қайыржан, Семён Симонов, Всеволод Логвин, Әлихан Өмірбеков, Ансар Шайхмедденов, Самат Данияр және Дмитрий Бреус жеке рекордтарын жаңартты. Ал Әлихан Әсетов өз көрсеткішін қайталады.

Данияр мен Өмірбековті, сондай-ақ Уолшты «темірдей ойыншылар» деп атауға болады. Олар тұрақты чемпионаттағы барлық 68 матчқа қатысты. Самат маусымда пайдалы әрекет көрсеткіші бойынша оң нәтижемен (+2) аяқтаса, Әлихан шайбаға таласу бойынша ойынын айтарлықтай жақсартты (41,8%).

Бір қызығы, шайбаға таласу бойынша команданың көшбасшысы Майкл Веккьоне болды – 284 әрекеттің 184-інде жеңіске жетті (64,8%). Ал орталық шабуылшылар ішінде үздік нәтиже Ансар Шайхмедденовке тиесілі (381 жеңіс, 53,3%).

Джейк Масси - маусымдағы ең «пайдалы» ойыншы (+5). Сонымен қатар ол 123 рет қарсыластың соққысын бөгеп, бұл көрсеткіш бойынша да көш бастады.

Иэн Маккошен күштік әдістер бойынша айқын көшбасшы болды. Оның еншісінде 106 күштік әдіс бар.

«Барыс» клубының үш қақпашысының да негізгі статистикалық көрсеткіштері шамалас болды. Сәл жақсырақ нәтиже көрсеткен Адам Шил. Ол 2,81 сенімділік коэффициенті және 90,8% соққылары қайтару көрсеткішімен 10 матчта жеңіске жетті. Никита Бояркин мен Андрей Шутов 5 жеңістен тіркеді. Никита бір ойында орта есеппен 2,7 шайба жіберіп, 90% соққыны қайтарды. Ал Андрей 2,92 орташа жіберілген шайба көрсеткішімен 90,7% сейв жасады.

Маусым барысында «Барыс» матчтарының орташа келушілер саны 7 447 көрерменді құрады. Бұл клуб тарихындағы және жалпы Қазақстан хоккейіндегі рекордтық көрсеткіш. Өткен маусыммен салыстырғанда көрермен санының өсімі бойынша (+2 561 көрермен) «Барыс» ҚХЛ клубтары арасында үздік үштікке енді.



Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»