3 сағат бұрын

«Таза Қазақстан»: жас футболшылар Қазақстан мен Комор аралдары матчында экоакция өткізді

«Таза Қазақстан»: жас футболшылар Қазақстан мен Комор аралдары матчында экоакция өткізді

Елордадағы «Астана Арена» стадионында FIFA Series халықаралық турнирі аясында Қазақстан мен Комор аралдары құрамалары арасында жолдастық кездесу өтті, деп хабарлайды Sport12.kz

Ойын барысында жанкүйерлер экологиялық акцияға қатысты.

Матч көрермендерінің арасында №8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің тәрбиеленушілері ерекше көзге түсті. Жас футболшылар тек ұлттық құраманы қолдап қана қоймай, жалпыұлттық экологиялық бастамаға өз үлестерін қосты.

Іс-шара барысында олар «Таза Қазақстан» ауқымды акциясының туын жайып, жанкүйерлерді қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды. Ал ойын аяқталғаннан кейін мектеп тәрбиеленушілері стадион трибуналарын тазалап, тап-таза күйге айналдырды.

№8 БЖСМ басшысы Еркебұлан Алдабергенов мұндай акцияларға қатысу тәрбиелік жұмыстың маңызды бөлігі екенін атап өтті.

«Біздің мектеп футбол және футзалға маманданған. Қазір бізде 8 бен 18 жас аралығында мыңға жуық бала 32 жаттықтырушының жетекшілігімен жаттығады.

Балаларға оқу, спорттық киім және жарыстарға қатысу толықтай тегін, бірақ іріктеу қатаң.

Біз «Таза Қазақстан» бастамасын жүйелі түрде қолдаймыз. Ұлттық құраманың әрбір матчынан кейін тәрбиеленушілеріміз трибуналарды тазалайды.

Балалар оған үйреніп те қалды деуге болады, олар тек алаңда ғана емес, оның сыртындағы жауапкершілікті де үйренеді.

Мақсатымыз – тек спортшы емес, мәдениетті әрі тәртіпті азамат тәрбиелеу», – деді ол.


Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»