3 сағат бұрын
«Тұран» клубы Бірінші лиганы сенсациялық нәтижемен бастады
Қазақстан Бірінші лигасының алғашқы турында түркістандық «Тұран» өз алаңында шымкенттік «Оңтүстік Академиясына» 1:2 есебімен есе жіберді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Матч өзара шабуылдарға толы басталып, алғашқы мүмкіндікті қонақтар пайдаланды. Ойынның үшінші минутында Әділбек Жәнібекұлы айып соққысын шебер орындап, есеп ашты. Алайда алаң иелері тез жауап қатты. Жетінші минутта бұрыштама добынан кейін Қуаныш Дүйсенбекұлы баспен дәл соққы жасап, таразы басын теңестірді.
Жеңіс голын «Оңтүстік Академиясы» 79-минутта соқты. Жылдам қарсы шабуылдан кейін Әлібек Халдар допты алыстағы «тоғыздыққа» әдемі бағыттап, командасын қайта алға шығарды. Қалған уақытта шымкенттік команда есепті сақтап, матчты 2:1 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Осылайша, Бірінші лигада Премьер-лигаға шығуға үміткерлердің бірі саналатын «Тұран» маусымды күтпеген жерден өз алаңындағы жеңіліспен бастады.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»
Қанат Байұзақов