5 сағат бұрын
Бауыржан Сағындық: «Команданың белгілі бір деңгейі мен әлеуеті бар»
Фото: ҚФФ
Қазақстан U-17 құрамасының аға бапкері Бауыржан Сағындық 2025/26 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің А лигасындағы команданың өнеріне қорытынды жасады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл жөнінде ол Қазақстан футбол федерациясына берген сұхбатында айтты.
«Ең алдымен ойыншыларымызға алғыс айтқым келеді. Олардың жауакершілігіне, жанкештілігіне және бүкіл цикл бойы атқарған жұмысына алғысым шексіз. Сондай-ақ жаттықтырушылар штабына кәсібилігі мен дайындық үдерісіне толыққанды қатысқаны үшін ризашылығымды білдіремін.
Қазақстан футбол федерациясының басшылығына құраманың жұмысына қолдау көрсетіп, барлық қажетті жағдай жасағаны үшін, сондай-ақ QJ League басшылығына ойыншыларды дамытуға қосқан үлесі мен жастармен жүйелі жұмысы үшін алғыс айтамын.
Бұл іріктеу біз үшін маңызды даму кезеңі болды. Біз аралық міндетімізді орындап, элиталық кезеңге жолдама алдық. Бұл команданың белгілі бір деңгейі мен әлеуеті бар екенін, іріктеу кезеңінде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
Алайда элиталық кезең біздің қазіргі деңгейіміздің нақты көрінісін паш етті. Біз шешім қабылдау жылдамдығы, ойын қарқыны және шешуші сәттердегі әрекет сапасы жағынан бізден басым қарсыластармен кездестік. Осы тұстарда бізге әлі де тұрақтылық жетіспейді.
Ашығын айтқанда, біз допсыз ойында тәртіпті әрекет ете аламыз, шыдамдылық танытып, құрылымды сақтай білеміз. Бірақ бұл мұндай деңгейде нәтиже көрсету үшін жеткіліксіз. Негізгі мәселе – шабуылдағы ойын: біз қауіпті сәттерді аз әзірлейміз және оларды тиімді пайдалана алмаймыз. Бұл командалық өзара әрекетке, әрі ойыншылардың жеке шеберлігіне байланысты.
Сондай-ақ шешуші сәттерде бізге зейін мен, мүмкін, физикалық төзімділік жетіспеді. Соның салдарынан матчтың соңына дейін қажетті ойын деңгейін сақтап қала алмадық.
Маңыздысы – бұл кезең сәтсіздік емес, бізге бағыт-бағдар болды. Ол біздің қазіргі деңгейімізді нақты көрсетіп, әрі қарай қай бағытта дамуымыз керектігін айқындады.
Қорытындылай келе, бұл команданың әлеуеті бар екенін айтқым келеді. Бірақ сол әлеует нақты нәтижеге айналуы үшін біз, ең алдымен, өзімізге деген талапты едәуір күшейтуіміз қажет».
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан