9 сағат бұрын
«Каспий» клубында қаржылық мәселелер ушығып тұр
Ақтаулық «Каспий» клубы соңғы уақытта күрделі қаржылық қиындықтарға тап болды. Команда ойыншылары мен қызметкерлері бірнеше ай бойы жалақыларын толық көлемде ала алмай келеді.
Қолда бар мәліметке сәйкес, футболшыларға тек қаңтар айының жалақысының бір бөлігі ғана төленген. Ал клубтың бірқатар қызметкерлері жыл басынан бері еңбекақысыз жұмыс істеп жүргені белгілі болды.
Бұл жағдай ұжым ішіндегі ахуалға да әсерін тигізген. Жалақы ала алмаған кейбір қызметкерлер клубтан кетуге мәжбүр болған.
Инфрақұрылым мәселелері де шешімін таппаған. Ақтаудағы «Жас Қанат» стадионы дайын болмағандықтан, «Каспий» өз алаңындағы матчтарын басқа қалада өткізіп жүр. Ал жаттығу жиындары Шымкентте ұйымдастырылған. Ойын алдында команда Қызылордаға жол жүруге мәжбүр.
Турнирлік көрсеткіштер де көңіл көншітпейді. Маусымның алғашқы турларында команда бірнеше рет жеңіліс тауып, турнир кестесінің төменгі бөлігінде қалып отыр.
Соған қарамастан, «Каспий» Қазақстан Кубогында жеңіске жетіп, маусымдағы алғашқы оң нәтижесін тіркеді. Алдағы матчта команда сырт алаңда «Ақтөбеге» қарсы ойнайды.
Біздің серіктес: Olimpbet қосымшасын пайдалан