14.08.2024
Килиан Мбаппе «Реал Мадрид» сапындағы алғашқы ойынын бүгін өткізуі мүмкін

Әлеуметтік желіден
Килиан Мбаппе «Реал Мадрид» командасы сапындағы алғашқы ойынын бүгін УЕФА суперкубогында Италияның «Аталанта» командасына қарсы өткізуі мүмкін, деп хабарлайды Sport12.
Айта кетсек, испаниялық клу биыл француз шабуылшысын алдағы бес маусымға сатып алғанын ресми түрде жариялады.
Футболшының жаңа клубтағы тұсаукесері Еуропа чемпионатында Франция құрамасы сапында өнер көрсеткеннен кейін ғана өтті.
25 жастағы Мбаппе «Париж-Сен-Жерменнен» кететінін ресми түрде мамыр айында жариялады, ал клубқа бұл туралы ақпан айында хабарлаған.
Ол «Реал Мадрид» клубына еркін агент ретінде ауысты. Жаңа командада 9 нөмірмен өнер көрсететін Килиан Мбаппе клубпен 2029 жылға дейін келісімшартқа отырды.
Франциялық шабуылшы корольдік клуб сапында жылына 54 млн еуро табыс табады. Футболшының трансферлік құны 180 миллион еуроға бағаланып отыр.
Танымал футболшы үлкен футболдағы алғашқы қадамын 2015 жылы Францияның «Монако» клубында бастады. 2017 жылдан бері «Пари Сен-Жермен» сапында 256 гол соқты. Соңғы маусымда ол франциялық командада 48 ойында 44 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді.
