3 сағат бұрын

Күрестің күні жарқырасын десек...

Күрестің күні жарқырасын десек...

Фото: Aikyn.kz

Күрес – ұлттық рухты көтеретін, патриотизм мен бірлікті насихаттайтын спорт түрі. Алайда бүгінде балуандарымыз бірқатар мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Бұл жөнінде Aikyn.kz газеті жазды.

Күрестің дамуына қандай өзгерістер қажет екенін, шетелден келген легионерлерді шақырудың тиімділігін білмек болып мамандардан жауап алуға тырысқан едік.

Ислам БАЙРАМУКОВ, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері:

Тактикалық дайындық әлсіз

Жалпы, біздің төл спортымыз ретінде саналып кеткен күрес халқымыз үшін қашанда биік тұратыны сөзсіз. Жыл сайынғы жарыстарда, олимпиада төңірегінде жастарымыз, тәжірибелі күресшілеріміз өз бақтарын сынауда. Алайда соңғы олимпиададағы нәтижені ескерсек, күрестің халі елімізде мүшкіл екенін көреміз. Оған бірнеше себеп бар. Күрестің бастапқы мәселесі ретінде құрамадағы жігіттердің тактикалық дайындықтарының әлсіз екенін айтуға болады. Әр жарыс бапкер үшін де, спортшы ретінде де өте маңызды. Сондықтан әр қарсыластың күрес деңгейін анықтап, оны жіті зерттеуден өткізу керек. Содан кейін барып арнайы соған қарсы тактикалық дайындық жасалуға тиіс. Қай жерде шалу, қолды тұсап ұстау деген секілді тапсырмалардың арқасында спортшыларымыздың тактикалық өрісі кеңейеді. Екінші мәселе – физикалық тұрғыда жігіттеріміздің нашар екеніне көзім жетті. Әлемдік аренадағы дода болғандықтан спортшыларымыз бар күшін жұмсауға тиіс. Физикалық күш ерік-жігер арқылы келеді. Осы ерік-жігерімізді әлі де қатайту керек деп ойлаймын. Тағы да айта кететін жайт, жігіттеріміздің психологиялық жағдайы төмен. Егер спортшыларымыз психологиялық түрде мығым болса, кез келген қарсыласын жеңіліп бара жатып та жеңіп кетуге қауқары жететін еді. Енді олимпиададан кеткен қателіктерімізді талдап, әбден зерттеу керек. Әр ұтымды пікірді тыңдай отыра нақты бір шешім шығару керек. 

Легионердің де легионері бар. Әр күрес салмағы бойынша спортшыларымыз олимпиадада топ жарғаны былай тұрсын, жолдаманың өзін ала алмайтын жағдайға жетсе, онда бізге өзгеріс қажет. Өз ойым әр салмаққа тым болмаса бір легионер спортшыны қосып, күресшілермізбен өз тәжірибесін бөліссе жақсы болар еді. Кезінде бірге спарринг жасаған Ильмади Джабраилов, Игорь Климов сынды даңқты спортшылардың арқасында мен үлкен тәжірибе алдым. Сол сияқты енді өсіп келе жатқан жастардың күреске деген дағдыларын өсіруді көздесек, кейбір легионерлердің болғаны дұрыс деп ойлаймын.

Ақжүрек ТАҢАТАРОВ, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері:

Легионер бапкерлер керек

Қазақ күресінің негізгі мәселелерінің бірі дисциплина, яғни тәртіп дер едім. Командада тәртіп болуы керек. Тәртіп арқылы спортшы дайындық процесіне және жарыстарға дұрыс көзқараспен қарап, жаттығулар мен тактикаларды қатаң түрде орындайды. Сонымен қатар ол жарақаттардан сақтануға, қарсыластың әрекеттеріне жылдам жауап беруге және ұзақмерзімді табыстарға жетуге ықпал етеді. Одан кейін жаттықтырушы құрамды ауыстыру керек деп ойлаймын. Неге десеңіз? Бірінші себеп – нәтиженің болмауы. Спортшылар күткендей өнер көрсетпеуі мүмкін, бұл басшылықты басқа тәсілмен жаңа жаттықтырушылар іздеуге мәжбүр етеді. Әр түрлі жарыстардағы жанжал, даулар да өзгерістерге елеулі себеп болатыны сөзсіз. Жаңа мақсаттар мен стратегиялар жаңа көзқарасты талап ететіндіктен де бапкерлердің ауысқанын құп көремін.

Менің ойымша, енді келген легионерлер қазақтың балаларын сындырады. Көп жерлерде легионерлерді әкелу тиімді, олардың тәжірибелері біздің спортшыларымыз үшін үлгі болмақ деп жатады. Менің оларға жауабым неліктен легионер бапкерлерді алдырмаймыз. Легионер спортшы тек бір-ақ адам ол кез келген уақытта спортты тастап кете алады. Одан бөлек ол залдағы 30 баламен емес, тек өзінің салмағындағы ғана 2-3 адаммен күреседі. Нәтижесінде, жаңағы 2-3 бала ғана спорттық дәрежеде өседі. Ал бапкердің жағдайы бөлек. Ол тек 30 баланы ғана емес, 300 баланы қолынан өткізіп, үлкен жетістіктерге әкеле алады. Сондықтан легионер спортшыны емес, легионер бапкерді әкелуді дұрыс деп санаймын. 

Аслан ҚАЖЕНОВ, спорт журналисі:

Сала үздіктері федерация құрамында жоқ

Отандық күресімізде, өкінішке қарай, динамика түсіп бара жатқаны рас. Париж олимпиадасындағы Демеудің бір жетістігімен оны толтыра да алмаймыз. Оның өзінде Демеудің бас бапкері олимпиадаға бармай қалды. Оны осында отырып Қазақстан федерациясы шеттетіп жіберді. Жалпы, осы Париж олимпиадасына дайындықтың өзіне еркін күреске 698 миллион, ал грек-рим күресіне 701 миллион теңге бөлінген. Ол ақшаның қайда кеткенін ешкім білмейді. Жауапты федерация есеп бермей отыр. Десе де, бұл – бюджеттің ақшасы, халықтың ақшасы болғандықтан, халық әр теңгенің есебін білуі керек. Тағы бір қынжылатынымыз, Ақжүрек Таңатаров, Мәулен Мамыров, Ислам Байрамуков, Екатерина Ларионова сынды басқа да осы саланың үздіктері федерация құрамында жоқ. Олар отандық балуандардың дайындығына қатыса алмай, ақыл-кеңестерін айта алмайды. Осы жағдайда спорт жанкүйерлері, әсіресе күрес жанкүйерлерінің іші ашиды.

Тәуелсіздік жылдардан бастап легионерлерді ең көп тартқан бағыт осы күрес болып есептеледі. Сол кезде келген балуандар өзінің тарихи отанына оралды. Жетістікке жеткендер ақшасын алып, сыйақымызды қалтасына басып тайып тұрды. Осыған қарамастан әлі де шетелден спортшы әкелуді тоқтатпай жатыр. Нәтижесінде, байрақты бәсекелерден еш нәтиже бермейтіндігіне көзіміз жетті. Тіпті, Мемлекет басшысының өзі бұл жағдайды үлкен сынға алған болатын. Шеттен легионер тарту мәселесін жіті қарау жөнінде тапсырма берді. Бірақ сонда да Қазақстан күрес федерациясы оны да пысқырмай тұр деп айтуға болады. Алда жаңа реформалар, жаңа өзгерістерді күтеміз.


Әсет ҚАЛИ

Нысана көздеу: Әлем Кубогының финалдық бәсекесіне кімдер қатысады?

Басқа 6 минут бұрын

Нысана көздеу: Әлем Кубогының финалдық бәсекесіне кімдер қатысады?

Константин Горовенко мен Елдос Ахметов ұлттық құраманың бапкерлік штабына кірді

Футбол 44 минут бұрын

Константин Горовенко мен Елдос Ахметов ұлттық құраманың бапкерлік штабына кірді

Бүгін футзалдан әлем чемпионатында финал болады

Футзал 50 минут бұрын

Бүгін футзалдан әлем чемпионатында финал болады

Ұлттық құрама алдағы ойындарға дайындығын бастады

Футбол 2 сағат бұрын

Ұлттық құрама алдағы ойындарға дайындығын бастады

Бахтиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетовтің нарықтағы құны төмендеді

Футбол 2 сағат бұрын

Бахтиер Зайнутдинов пен Абат Айымбетовтің нарықтағы құны төмендеді

Күрестің күні жарқырасын десек...

Футбол 3 сағат бұрын

Күрестің күні жарқырасын десек...