5 сағат бұрын
Горовенко «Атырауға» қайта оралды
Фото: «Атырау» футбол клубы
Атыраулық команда қазақстандық Константин Александрович Горовенконың бас бапкер қызметіне келгенін мәлімдеді.
Қазақстандық маман бұған дейін «Қайрат-Жастар», «Жетісу», «Шахтёр», «Мақтаарал», «Атырау» және «Каспий» командаларында бас бапкер қызметін атқарған. Сонымен қатар «Қазақстан U21» ұлттық құрамасының бас бапкері.
Константин Горовенко 2021-2022 жылдарда атыраулық команданың тізгінін ұстаған еді. Былтыр бірінші лигада ақтаулық «Каспий» клубының тізгінін ұстағанмен доп додасы аяқталмай жатып қызметінен кетуге мәжбүр болды. Себебі, ақтаулық клуб бірнеше тур бойы жеңілістен көз ашпай, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды. Соның салдарынан аталған команда маусым соңында үшінші орынға тұрақтап, Премьер-лига жолдамасынан қағылды.
Сондай-ақ Денис Николаевич Мамонов «Атырау» футбол клубы бас бапкерінің көмекшісі қызметіне тағайындалды.
Ал «Атырау» командасына соңғы екі жылда беларусьтік Виталий Жуковский бас бапкер болды. Команда екі жылда да жетінші орыннан арыға аса алған жоқ.