4 сағат бұрын
Қақпашысыз қалаған «Қайрат» Александр Заруцкийді қатарға қосты
Фото: «Қайрат» футбол клубы
«Қайрат» футбол клубы Қазақстан құрамасының қақпашысы Александр Заруцкийді өз қатарына қосты. Келісімшарт 2025 жылдың соңына дейін жасалған.
Александр – қарағандылық «Шахтёр» түлегі. Мансабында «Қызылжар», «Атырау», «Ертіс», «Қайсар» сынды клубтарда өнер көрсетті.
Заруцкий соңғы төрт маусымда «Астана» сапында ойнады. 54 матч өткізіп, 40 гол жіберіп алды, ал 24 ойында қақпасына гол дарытпаған.
Астаналық клуб сапында ол хорватиялық қақпашы Йосип Чондричтің көлеңкесінде қалып қойды. Командада бірінші нөмірлі қақпашы атана алған жоқ.
Өткен жазда Александр Қазақстан құрамасының сапында Әзірбайжанға қарсы ойында дебют жасады.
Ал «Қайраттың» былтыр қақпасын күзеткен Данил Устименко биыл «Тобыл» сапына ауысса, тағы бір қақпашысы Вадим Ульянов Ресейде ойын көрсетуге бел буды.
Сондай-ақ алматылық ұжым бұдан бұрын астаналық «Жеңісте» ойнаған өз түлегі Темірлан Анарбековпен келісімшартқа қол қойған еді.