21.01.2025
АПЛ-ге аттанған Әбдіқадыр

Фото: «Манчестер Сити» ФК
Өзбекстандық футболшы Әбдіқадыр Хусанов күні кеше «Манчестер Сити» сапына ресми түрде ауысқан болатын.
Осылайша Хусанов Ағылшын Премьер Лигасының клубында ойнайтын тарихтағы алғашқы өзбекстандық ойыншы атанды.
Хусановтың футбол мансабымен тереңірек таныссақ.
Әбдіқадыр Хикматұлы Хусанов
Жасы: 20
Туған күні: 29 ақпан, 2004 жыл
Азаматтығы: Өзбекстан
Позициясы: орталық қорғаушы
Клубы: «Манчестер Сити» (Англия)
Ойын нөмірі: 45
Клубтық мансабы
Әбдіқадыр Хусанов үлкен футболдағы мансабын «Бунёдкор» клубының 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер командасында бастады. 2022 жылдың наурыз айында ол Беларусьтің «Энергетик-БГУ» клубымен келісімшартқа отырды. Сол жылдың тамыз айында Хусановты Халықаралық спорттық зерттеулер орталығы болашағы жарқын жас ойыншыларының бірі деп таныды. 2022 жылғы маусым қорытындысы бойынша ол Жоғарғы лиганың күміс жүлдегері атанып, чемпионаттың символикалық құрамына енді. 2023 жылдың сәуір айында Әбдіқадыр халықаралық аренада тағы да мойындалып, 20 жасқа дейінгі ең талантты футболшылар тізіміне енді. Сол маусымда Хусанов чемпионаттың алғашқы айналымының қорытындысы бойынша үздік орталық қорғаушы атанды.
2023 жылдың жазында жас ойыншыға Францияның «Ланс» клубы қызығушылық білдіріп, шілде айының соңында Хусанов ресми түрде осы клубтың ойыншысы атанды. Сол маусымда өзбекстандық ойыншы «Ланс» клубымен бірге УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне қатысып, Еуропа Лигасында өнер көрсетті, онда команда 1/16 финалда жарыстан шығып қалды. 2023 жыл ойыншы үшін ерекше болды, себебі ол Өзбекстанның ең үздік жас футболшысы деп танылды. «Ланстағы» дебюттік маусымында Хусанов негізгі құрамнан өз орнын тауып, ал оның клубы чемпионатты жетінші орынмен аяқтады.
Халықаралық мансабы
2023 жылдың маусым айында Әбдіқадыр алғаш рет ересектер арасында Өзбекстан ұлттық құрамасының сапына шақырылды. 2023 жылдың 11 маусымында Хусанов Орталық Азия Футбол қауымдастығының Ұлттар кубогы аясында Оман командасына қарсы дебюттік ойынын өткізген. Аталмыш турнирде сол жылы Өзбекстан құрамасы финалда Иран құрамасынан жеңіліп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Ал өткен жылдың қаңтар айында құрамамен Азия Кубогына қатысып, топтық кезеңді екінші орынмен аяқтап, плей-офф кезеңінде өнер көрсеткен болатын. Алайда доданың ширек финалында Қатар құрамасына пенальтилер сериясында есе жіберіп жарыс жолын аяқтаған болатын.
Сонымен қатар өткен жазда өткен Париждегі жазғы Олимпиадада Өзбекстан қүрамасының намысын қорғап, 3 матчта алаңға шықты.
Хусановтың кәсіби мансабында жеткен жетістіктері:
20 жасқа дейінгі Азия чемпионатының жеңімпазы;
23 жасқа дейінгі Азия чемпионатының күміс жүлдегері;
Орталық Азия Ұлттар кубогының күміс жүлдегері.
Хусановтың клубтық мансабындағы статистикасы:
«Энергетик-БГУ»: 37 ойын, 4 гол;
«Ланс»: 68 ойын, 4 гол.
Еске сала кетейік, өзбекстандық ойыншы жақында англиялық «Манчестер Сити» ойыншысы ретінде таныстырылған болатын. Қос тарап 2029 жылдың соңына дейін жарамды келісімшартқа қол қойған болатын. Трансфер құны 40 миллион еуроны құрады.
