1 күн бұрын
«Бешикташтың» жаңа бапкері Каземироны қатарға қоспақ
«Бешикташтың» бас бапкері Оле-Гуннар Сульшер ағылшындық «Манчестер Юнайтед» клубының тірек жартылай қорғаушысы Каземироны командаға қосқысы келеді, бұл туралы испандық Diario AS басылымы жазды.
Дереккөз мәліметінше, 51 жастағы норвегиялық маман бразилиялық футболшыны шақыруды ұсынған. Ол Каземироның ливиялық жартылай қорғаушы Али Эль-Мусратидің орнын басқанын қалайды.
Айта кетсек, 2024 жылдың ақпанында түрік клубына қосылған Эль-Мусрати нашар ойынына байланысты сенімнен айырылған. Биылғы маусымда ол барлық турнирлерде 24 матч өткізіп, 2 гол ғана соққан.
Каземиро «Манчестер Юнайтед» сапында 2022 жылдың тамызынан бері ойнап келеді. Ол «Реалдан» 70,65 миллион еуроға ауысқан. Биылғы маусымда 22 матчқа қатысып, 3 гол соқты.
Еске сала кетсек, Оле-Гуннар Сульшер «Бешикташ» клубының бас бапкері қызметіне 17 қаңтарда тағайындалды. 20 турдан кейін команда Түркия Суперлигасының турнир кестесінде 6-орында тұр. «Бешикташ» сапында қазақстандық футболшы Бақтиер Зайнутдинов ойнайды.