8 сағат бұрын
«Тараз» ардагерлері атынан жалған ашық хат жазған кім
«Тараз» командасының басшылығы футбол ардагерлері атынан Жамбыл облысы әкімі атына жазылған ашық хатқа байланысты түсініктеме берді.
Әлеуметтік желіде бір топ футбол ардагерлері мен жанкүйерлердің «Тараз» футбол клубына қатысты ашық хаты жарияланған еді.
- Соған байланысты келесі жағдайларды хабарлаймыз. Біріншіден, қол қойған делінген азаматтардың осы хат жайлы хабары жоқ болып шықты. Тіпті хат туралы әлеуметтік желілер арқылы біліп жатқандар да бар. Сондай-ақ, хатта тәжірибелі мамандар клубтан кетті деп қате ақпарат жазылған. Шындығында қазір Нұрмат Мырзабаев футбол орталығында қызмет жасауда. Фархад Мирсалимбаев өзге командадан ұсыныс түсуіне байланысты клубпен келісім шартты тоқтатты. Сонымен қатар, ел футболының дамуына еңбек етіп келе жатқан білікті мамандар Нұркен Мазбаев, Ерлан Елеусінов, Сергей Пак негізгі команданың бапкерлік құрамында жұмыс жасауда. Команданың ахуалына бей-жай қарамай, жанашырлық танытып жүрген шынайы жанкүйерлерге алғысымызды білдіреміз, - деп жазылған хатта.
Команда басшылығы футбол ардагерлері мен жанкүйерлер атын жамылып, оларды ұятты жағдайда қалдыру азаматтыққа сын екенін айтады.
- Бұлай кімнің, қандай мүддені көздегені түсініксіз қалуда. Адамның келісімінсіз оның атынан жазба жариялау жеке басқа қол сұғушылық екенін, ол құқықтық жауапкершілікке әкелетін ескертеміз, - деп мәлім етті клуб басшылығы.