13.02.2025
Харбиндегі сенсация: Аруларымыз Қытай хоккейшілерін жеңіп кетті
Бүгін шайбалы хоккейден еліміздің әйелдер командасы Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында жарыс қожайынын ұтты.
Қазақстан - Қытай, есеп: 2-1.
Екінші айналымда шабуылшы Надежда Филимонова мергендік танытып, командамызға басымдық сыйлады. Ал шешуші кезеңде қарсылас таразы басын теңестіріп үлгерді. Шешуші кезеңде Александра Шегай жеңіс шайбасын торда тулатты.
Әлемдік рейтингтегі орындары:
Жапония - 7-орын (Әлемдік элиталық дивизионның қатысушысы)
Қытай - 12-орын (2024 жылы элиталық дивизионнан ұшты)
Оңтүстік Корея - 18-орын (Бірінші дивизионның қатысушысы)
Қазақстан - 23-орын (Екінші дивизионның чемпионы)
Енді ертең шешуші матчта Қазақстан мен Оңтүстік Корея күш сынасады. Ойын сағат 7:00-де басталады.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»
Қанат Байұзақов