4 күн бұрын
«Реал Мадрид» қатарынан үш ойында жеңіске жете алмай келеді

Фото: championat.com
«Реал Мадрид» клубы Испания Примерасының 24-турында «Осасунамен» тең түсті. Салдарынан қатарынан үш кездесуде жеңіске жете алмай келеді.
Корольдік клуб соңғы екі ойында жеңіске жете алмай келе жатқан еді. Алдымен «Эспаньолдан» (0:1) жеңілсе, одан кейін «Атлетико Мадридпен» (1:1) есебімен тең түсті.
Сондықтан бүгінгі ойында олар жеңіске жетуге бар күшін салатыны белгілі болатын. Соған қарамастан «Осасуна» лайықты қарсылық көрсетті.
Мадридтік клубтың бас бапкері Карло Анчелотти ойынға тәжірибелі футболшылардың бәрін қосты. Кездесу «Реал Мадрид» үшін сәтті басталған еді. Ойының 15-минутында Килиан Мбаппе өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Ал 39-минутта «Реал Мадрид» клубының тағы бір ойыншысы Джуд Беллингем дөрекілігіне байланысты қызыл қағаз алды.
Екінші кезеңде «Осасуна» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде 58-минутта корольдік клуб қақпасына белгіленген пенальтиден Анте Будимир мүлт кеткен жоқ.
Екі команда 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Дәл қазір «Реал Мадрид» 51 ұпаймен бірінші орнын сақтап қалды. Оны өкшелеп келе жатқан «Атлетико Мадридте» 49, «Барселонада» 48 ұпай бар.
Енді бүгін сағат 22:30-да «Атлетико Мадрид» пен «Сельта» кездессе, 17 ақпанда «Барселона» мен «Райо Вальекано» шеберлік байқасады.
