3 сағат бұрын
Қасым-Жомарт Тоқаев: Отандық футбол жеке меншікке өтпей іс алға баспайды

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті.
Жиын барысында ел президенті еліміздегі футболдың қазіргі жағдайын да айта кетті.
— Еліміздегі футболдың дамуына ерекше назар аудару қажет деп санаймын. Клубтар жеке меншікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл - әлемдік тәжірибе. Командалар жеке меншік болса, өз кезегінде шетелдік легионерлерді де шақыра алады. Бизнес өкілдері өскелең ұрпақты дене шынықтыруға және спортқа баулу ісіне зор үлес қоса алады деп ойлаймын. Көптеген облыстық стадиондарды қайта жаңарту немесе демеушілік қаражат тарта отырып, жаңа футбол стадиондарын салуды бастау керек.
Әрбір облыстық және аудандық орталықтарда, сондай-ақ ауылдар мен кенттерде балаларға арналған футбол алаңдары салынуы тиіс. Бұл – алдағы екі жылға белгіленген міндет. Оның орындалуын тексереміз, — деді Тоқаев.
«Дядя Ваня» телеграм арнасының мәліметіне сенсек, 2025 жылы Қазақстан премьер-лигасының 14 клубы мемлекеттен кемінде 18,51 млрд теңге (шамамен $37 млн) алған. Сонымен қатар, жалпы сомасы 4,98 млрд теңге ($9,9 млн) болатын бірнеше тендер әлі қарастырылып жатыр.
Ақпараттың хабарлауынша, мемлекеттік бюджеттен ең көп ақша алатын ТОП-3 клубтың қатарына «Ордабасы» (3,46 млрд теңге), «Елімай» (2,77 млрд теңге), «Атырау» (3,46 млрд теңге) кіреді. Ал жеке бюджеті бар «Қайрат» жасөспірімдердің футболын дамытуға 669 млн теңге алуды қарастырып жатыр.
