15.03.2025

87 000 000 еуро: Майшелпекке айналған қазақ футболын кім сауықтырады?

87 000 000 еуро: Майшелпекке айналған қазақ футболын кім сауықтырады?

Фото: fcastana.kz

Алдағы уақытта қазақстандық футбол клубтары жекеменшікке өтіп, өздері табыс тауып үйренуі қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтайда кәсіпкерлерді футболды қолдауға шақырды. Осыған байланысты аталған мәселені Sport12.kz ой-таразыға салып көрген еді.

«Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек. Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады», - деді Президент.

Расында, бұл – ұзақ жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Әлемде футбол жоғары бағаланады. Оны нөмірі бірінші спорт түрі ретінде бағалайды. Оған қомақты қаржы құйып жатқан қалталы компания көп. Сол жұмсаған ақшасын кейіннен мол пайда есебінде қайтарып алады. Әрине, кез келген іске қаржы салмай, одан көп кіріс кіргіземін деу бекер. Оған қаншама жыл кетуі мүмкін. Мәселен, алысқа ұзамай-ақ алматылық «Қайраттың» жағдайына тоқталып өтелік. Белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев кезінде одақтық чемпионатта еліміздің абыройы мен атағын аспандатқан халықтық клубты дамытуға қаншама қаржы мен күш жұмсады. Негізгі командамен бірге балалар футболын дамытуға көңіл бөлді. Арнайы академия ашты. Қазір онда тәрбиеленіп шыққан түлектер «Қайраттың» өзінде және еліміздің барлық клубында ойын көсретуге мүмкіндік алды. Тіпті Дастан Сәтпаев секілді шәкірттеріне әлемнің беделді клубы саналатын Англияның «Челси» клубы көз тігіп, алдағы жылдан бастап қатарына қосуға қадам жасады.

Еліміздің өзге клубтары жайында осылай айта аламыз ба? Өкініштісі, Қайрат Боранбаев секілді ел футболына жанашыр азаматтар саны көп болмай тұр. Қалталы азаматтар тарапынан әлі де футболға қызығушылық жоқ. Ендігі кезекте қалай болады? Қазақстандық клубтар енді бюджет қаржысына иек артып отыра бере ме?

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұған байланысты деректерді жариялады. Онда көрсетілген деректерге сүйенсек, қаншама қаржының желге ұшып жатқанын байқау қиын емес. Қазір елімізде бюджет қаржысы есебінен шетелдік футболшыларға жалақы төлеуге тыйым салынды. Бұл тығырықтан қазақстандық командалар шыға ала ма? Әлде қызылордалық «Қайсар» секілді отандық футболшыларға үміт артуы мүмкін бе?

- УЕФА Еуропа клубтарының өткен жылдардағы қаржылай есеп-қисабы мен инвестициялық ахуалдарын жариялады. Қазақстан Gремьер-лигасындағы 14 клубтың жалпы қаржысы 87 000 000 еуро болған. Бұл – өткен маусымға, 2023-2024 жылдар кезеңіне тиесілі цифрлар. 54 000 000 еуро – футболшыларға жалақы төлеуге кеткен. Бұл UEFA аймағы бойынша 28-орында екенімізді көрсеткен. Қысқасы, бір ғана клубымыздың мемлекеттік емес акционері бар, бірақ бірде-бір клубымыздың шетелдік инвесторы жоқ. ҚПЛ клубтары қаржының басым көп бөлігін (81 %) әлі мемлекеттен алып отыр, - дейді ол.

Жалпы, елімізде футболға қалталы азаматтар мен іргелі кәсіпорындарды артуға барлық мүмкіндік бар. Мұндай қадамға көршілес Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь және өзге елдер әлдеқашан көшіп кетті. Оның жемісін көріп жүргендер бар. Мәселен, Ресей, Украина футболшылары әлдеқашае еуропалық беделді футбол клубтарында доп теуіп жүрсе, ендігі кезекте олардың қатарына Өзбекстан қосылды. Қазір ол елден Элдор Шомуродов Италияның «Рома», Абдукодир Хусанов Англияның «Манчестер Сити» клубының жейдесін киді. Әзірге біз жөнінен мақтана алмаймыз. Қазірге дейін бюджет қаржысына күн көріп жүрген қазақстандық командалар легионерлерге иек артып отырған жайы бар. Бюджет қаржысын шетелдік ойыншыларға шашып, жергілікті жас таланттарды табу ұмыт қалды. Осы орайда Президенттің бастамасы құптауға тұрарлық. Оған инвестор тауып, жоғары деңгейде дамытуға мән беруіміз тиіс. Әйтпесе, тәуелсіздік алған жылдан бері елімізде бар-жоғы екі стадионның ғана салынуы қалай түсінеміз? Елімізде футболға жылма-жыл қыруар қаржының бөлініп жатқанын ескерсек, оған еріксіз қынжыласың.

Қысқасы, қаншама жыл бойы біреулер үшін майшелпекке айналған қазақ футболын сауықтыру қажет болып тұр. Ендігі сөзді қалталы азаматтардан күтеміз.


Клубтар арасындағы әлем чемпионатының плей-оффтық жұптары белгілі

Футбол 33 минут бұрын

Клубтар арасындағы әлем чемпионатының плей-оффтық жұптары белгілі

Күрес түрлерінен Азия чемпионатында Қазақстан балуандары 38 медаль жеңіп алды

Күрес 1 сағат бұрын

Күрес түрлерінен Азия чемпионатында Қазақстан балуандары 38 медаль жеңіп алды

Клубтар арасындағы ӘЧ:  «Манчестер Сити» жарысты жалғастырады

Футбол 1 сағат бұрын

Клубтар арасындағы ӘЧ: «Манчестер Сити» жарысты жалғастырады

«Жеңіс» сапынан испаниялық шабуылшы кетті 

Футбол 14 сағат бұрын

«Жеңіс» сапынан испаниялық шабуылшы кетті 

Шри-Ланкада 20 жасқа дейінгілер арасында шахматтан Азия чемпионаты өтеді

Басқа 14 сағат бұрын

Шри-Ланкада 20 жасқа дейінгілер арасында шахматтан Азия чемпионаты өтеді

Моңғолия елінің боксшылары Астанаға ат басын бұрды

Бокс 16 сағат бұрын

Моңғолия елінің боксшылары Астанаға ат басын бұрды