7 сағат бұрын
Бақтиер Зайнутдинов ұлттық құрама сапына қосылды

Фото: m.sports.ru
Жартылай қорғаушы Бақтиер Зайнутдинов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына келіп қосылды.
- Ұлттық құраманың ойыншысы Бақтиер Зайнутдинов қосымша медициналық қаралымнан өтеді. Соның қорытындысы бойынша алдағы ойындарға қатысу-қатыспауы туралы шешім қабылданады, - деп жазылған хабарламада.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Түркияның «Бешикташ» клубында ойнайтын жартылай қорғаушының жарақаты бар. Енді ол қосымша медициналық қаралымнан өтіп, нақты шешім қабылданады.
Ал Рамазан Кәрімов пен Роман Асранкулов алған жарақатына байланысты оқу-жаттығу жиынына қатыспайды.
Ел құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде J тобында ойын көрсетеді. Қарсыластары — Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейн.
Матчтар 2025 жылдың наурызында басталып, қараша айында аяқталады.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 22 наурызда сырт алаңда Уэльспен кездессе, 25 наурызда Лихтенштейнге қарсы ойнайды.
