6 сағат бұрын
Максим Самородов ұлттық құрама дайындығына келді

Фото: ҚФФ
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына Максим Самородов қосылды.
Ресейдің «Ахмат» клубында ойнайтын ол енді ұлттық құрама сапында дайындығын пысықтайды.
Бас бапкер міндетін уақытша атқарушы Әли Әлиевтің шешімімен шетелдік клубтарда ойнайтын футболшылар ұлттық құрама сапына 17 наурызда қосылатыны айтылған еді.
Ұлттық құрама сапында шетелдік клубтарда доп тебетін қақпашы Дулат Талыспаев («Кеге», Дания), қорғаушы Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), жартылай қорғаушылар - Бақтиер Зайнутдинов («Бешикташ», Түркия), Рамазан Оразов («Силькеборг», Дания), Ғалымжан Кенжебек («Кошице», Словакия),Георгий Жуков («Пуща», Польша), Абат Айымбетов («Адана Демирспор», Түркия) бар.
Ел құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде J тобында ойын көрсетеді.
Қарсыластары — Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейн.
Матчтар 2025 жылдың наурызында басталып, қараша айында аяқталады.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 22 наурызда сырт алаңда Уэльспен кездессе, 25 наурызда Лихтенштейнге қарсы ойнайды.
Еске салсақ, Бақтиер Зайнутдинов қосымша медициналық қаралымнан өтеді. Соның қорытындысы бойынша алдағы ойындарға қатысу-қатыспауы туралы шешім қабылданады, - деп жазылған хабарламада.
Ал Рамазан Кәрімов пен Роман Асранкулов алған жарақатына байланысты оқу-жаттығу жиынына қатыспайды.
