1 күн бұрын
Қызылордадағы жаңа стадион тамыз айына дейін ашылады

Фото: telegram/kenesshiQ
Қызылордадағы жаңа стадион тамыз айына дейін қолданысқа беріледі.
Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман жеке Telegram-арнасында мәлімдеді.
ҚФФ өкілінің хабарлауынша, өткен демалыс күндері федерация делегациясы мен облыс басшысы кездесті. Тараптар стадионның ашылуына қатысты мәселелерді талқылап, нәтижесінде аренаны тамыз айына дейін қолданысқа беруді жоспарлаған.
Жаңа аренада жергілікті команда ойынынан бөлек кубоктық матчтардың финалын өткізуге болады. Сондай-ақ, түрлі жас санатындағы құрама ойындары қарастырылады.
Еске салсақ, спорт кешенінің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған болатын. 10 мың орындық стадион УЕФА талаптарына сай салынған және табиғи көгалды алаңға ие.
