1 күн бұрын
2 сәуірде Жәнібек Әлімханұлының ашық жаттығуы өтеді

Фото: Sport12.kz
2 сәуір күні «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында IBF және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) ашық жаттығу өткізеді.
Іс-шара отандық және шетелдік спортшылардың қатысуымен өтетін тарихи бокс кешіне дайындық аясында ұйымдастырылады. Сондай-ақ, отандық жанкүйерлер алғаш рет Жәнібектің қарсыласы – Анауэль Нгамиссингені (14-0, 9 КО) көре алады.
Чемпиондық жекпе-жек кардындағы қатысушылар да өздерінің шеберліктерін паш етеді. Олардың қатарында Балауса Мұздыман, ағайынды Махмұд және Төрехан Сабырхан, Батыр Жүкембаев, Баходир Жалолов(Өзбекстан), Азинга Фузиле (ОАР) және Сұлтан Заурбек бар.
Күні: 2 сәуір
·Уақыты: 14:00
·Мекенжайы: «Хан-Шатыр»сауда ойын-сауық орталығы, Тұран, 37
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен франциялық Анауэль Нгамиссенге арасындағы айқас 5 сәуір, сенбі күні Астанадағы «Барыс-Аренада» өтеді. Жекпе-жекте WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы чемпиондық белбеулер сарапқа салынады. Бокс кешін тікелей эфирде Qazaqstan және Qazsport телеарналары ұсынады. Сондай-ақ, жекпе-жекті ESPN+ платформасынан тамашалауға болады. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне тіркелу міндетті емес.
