3 күн бұрын
Ертең футболдан Екінші лига ойындары басталады

Фото: KFF League
8-9 сәуір күндері футболдан Екінші лиганың алғашқы тур ойындары өтеді. Биылғы маусымға барлығы 20 команда қатысады. Екінші лиганың былтырғы маусымымен салыстырғанда биыл команда саны төртеуге азайған.
Командалар биыл да екі конференцияға бөлініп, өзара кім мықтыны анықтайды. Оңтүстік-Батыс конференциясында «Мақтаарал» (Мақтаарал), «Қайсар-Ж» (Қызылорда), «Ордабасы-Ж» (Шымкент), «Каспий-Ж» (Ақтау), «Жас-Қыран» (Алматы), «Жайық» (Орал), Jeyran (Алматы), «Талас» (Қаратау), «Атырау-Ж» (Атырау) және «Тұран-Ж» (Түркістан) командалары өнер көрсетеді.
Солтүстік-Шығыс конференциясында «Жетісу-Ж» (Талдықорған), SD Family-Ж (Астана), «Астана-Ж» (Астана), «Тобыл-Ж» (Қостанай), «Оқжетпес-Ж» (Көкшетау), «Алтай-Ж» (Өскемен), «Елімай-Ж» (Семей), «Қызылжар-Ж» (Петропавл), «Жеңіс-Ж» (Астана) және «Шахтер-Ж» (Қарағанды) командалары бар.
Биыл Қазақстан футбол картасында тағы екі жаңа клуб пайда болды. Оның бірі Алматының Jeyran командасы болса, екіншісі – Оралдың «Жайық» клубы. Jeyran – жаңадан құрылған жеке меншік команда. Ал «Жайық» талай жылдық тарихы бар «Ақжайықтың» орнын басты. Десе де, Батыс Қазақстан облысында футболдың қайта жанданып жатқаны жанкүйерлерді қуантып жатыр.
2025 жылғы Екінші лиганың фавориттерін дөп басып анықтау қиын болмақ. Өйткені, біріншілікке қатысып жатқан командалардың ешбірінде жоғары лигаға көтерілу деген тапсырма жоқ. Екінші лигаға негізінен Премьер-лига және Бірінші лига командаларының жастар құрамалары қатысады.
Биылғы маусымда барлық команда жарыс жолын соңына дейін жалғастырып, әр конференцияда ең үздіктері жеңіске жетуін тілейміз!
Алғашқы турдың кестесі (8-9 сәуір):
Солтүстік-Шығыс конференциясы:
«Жетісу-Ж» – «Шахтер-Ж»
SD Family-Ж – «Жеңіс-Ж»
«Астана-Ж» – «Қызылжар-Ж»
«Тобыл-Ж» – «Елімай-Ж»
«Оқжетпес-Ж» – «Алтай-Ж»
Оңтүстік-Батыс конференциясы:
«Мақтаарал» – «Тұран-Ж»
«Қайсар-Ж» – «Атырау-Ж»
«Ордабасы-Ж» – «Талас»
«Каспий-Ж» – Jeyran
«Жас-Қыран» – «Жайық»
