09.04.2025
Микель Артета: Көптеген жанкүйерге «Арсеналмен» мақтануға мүмкіндік жасадық

Лондондық «Арсенал» клубының бас бапкері Микель Артета Чемпиондар лигасының ширек финалындағы мадридтік «Реалға» қарсы алғашқы ойында (3:0) шәкірттерінің жеңісіне қатысты пікірін білдірді.
«Біз көптеген жанкүйерге «Арсеналмен» мақтануға мүмкіндік жасадық. Мен стадионда бұрын-соңды мұндай атмосфераны көрген емеспін. Мұндай кездесулерде дәл осындай қолдау қажет. Команда дұрыс бағытта маңызды қадам жасады. Келесі аптада бүгінгі жетістікті қайталауымыз керек», – деп келтіреді Артетаның сөзін BBC.
Жауапты матч 16 сәуір күні Мадридте өтеді.
1/8 финал кезеңінде мадридтік «Реал» «Атлетико» клубынан өткен еді. Қос кездесу қорытындысы бойынша есеп — 2:2, пенальти сериясында — 4:2. Ал «Арсенал» Нидерландтың ПСВ командасын жарыстан шығарды (екі матчтың қорытынды есебі 9:3).
