1 күн бұрын
Еліміздегі жаңа стадиондар қашан салынып бітеді?

Елімізде салынып жатқан және қайта жаңғыртудан өтетін стадиондардың қашан басталатыны және аяқталатыны белгілі болды.
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясының президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, Президенттң кешегі аймаққа сапарында Шымкенттегі стадионның эскизі таныстырылған. Қызғалдақ пішініндегі стадион эскизі мақұлданған көрінеді. Жаз айларында 35 мыңдық стадион құрылысы басталуы керек.
Ал Ақтөбеде орман шаруашылығына тиесілі жер телімі толыққанды стадион құрылысына берілді. Құжаттар шамалы уақыт алған көрінеді. Енді құрылыс жазда басталып, стадион бір жыл ішінде салынып бітуі керек.
- Қызылордадағы стадионның құрысы жөнінже өткен жолы арнайы пост жазғам. Әкімдік шілдеге дейін аяқтаймыз дейді. Мен тамыздың соңы деп пайымдап отырмын. Бастысы ҚФФ делегаттары барып, стандарттарын тексеріп, екі тарап кеңесіп алды. Ал Семейдегі стадион жобалау сатысында. Жыл соңына дейін қажетті дүниелер мақұлданып, құрылысы басталады. Ақтауда әкімдік жаңа стадионды 2027 жылы салмақ. Қазір аймақта жоғары деңгейде ойын өткізетін алаң жоқ. Бірінші лига өткізуге “BS аренаның” болғаны қандай жақсы. Болмағанда не болушы еді? “Каспий”премьер лигаға шықса ше? “Жас қанатқа” жаңа газон төсеп, косметикалық жөндеу жасап қою керек. Ақтау биылдан бастап түркі әлемінің астанасы статусына ие, - деп атап өтті ол өз жазбасында.
Оның айтуынша, Атыраудағы стадионның құжаттары ретке келген. Жаздың алғашқы айлары басталуы керек. Құрылыс бір жылдың ішінде аяқталуы тиіс. Алматыдағы Орталық стадион биыл жөндеу жұмыстарына байланысты жабылады. Стадион 2027-жылға дейін пайдалануға берілуі тиіс. Футболға ғана арналған кешен болмақ.
Қарағандыда жөндеу жұмыстары басталайын деп жатыр. Құны 2 млрд теңге. Жылыту және суғару жүйелері, жарықтандыру, трибуналар, ішкі инфрақұрылым (дәретхана, БАҚ бөлмесі) жаңартылады. Команда және атлетшілер әзірге жаңартылған резервті кешенде дайындалады, ойындарын өткізеді. Сондай ақ, жаңа академия қүрылысы да осы жылы басталады. Таразда академия құрылысы басталады. Ол жайлы кейінрек ақпарат береміз. Арнайы тоқталу керек. Бұл федерация мен демеуші компанияның ерекше жобаларының бірі болмақ, , - деп атап өтті ол өз жазбасында.
