12 сағат бұрын
Қандай Әлем, қандай Еуропа чемпионаты? - Самат Смаков төрешілерге наразылығын білдірді

Фото: Қазақстан футбол федерациясы
«Жетісу» командасының бас бапкері Самат Смаков Қазақстан Премьер-лигасы төртінші турындағы «Ордабасымен» өткен ойыннан кейін төрешілер тарапынан кеткен өрескел қателіктер жайында ашына айтты.
Бұл кездесуде «Жетісу» қарсыласына 0:1 есебімен жеңіліп, кездесу соңында Самат Смаков қызыл қағаз алып, алаңнан ертерек кетуіне мәжбүр болды.
Баспасөз мәслихаты барысында ол төрешілердің мұндай қателігімен қазақ футболы дамымайтынын айтты.
- Бүгін жасыл алаң төрінде төрешілер тарапынан жанкүйерлер әділетсіз іс-қимыл байқады. Мұндай сәтте үнсіз қалуға болмайды. Расын айтсам, біздің ойынға кімнің төреші болатынын төрт күн бұрын білдім. Бүгін қазылық жасаған адам төрешілер департаментінде бір бөлімді басқарады. Былайша айтқанда, ол осы ойынға өзін-өзі тағайындаған деп санауға болады. Менің өз ойыншыларыме қоятын ешқандай кінәм жоқ. Мұндай келеңсіз жағдайдан қазақ футболы дамымайды. Қандай әлем чемпионаты, қандай Еуропа чемпионаты? Мынадай жағдайлар болып жатқанда біз оларға шыға алмаймыз, - деді Самат Смаков.
Бұл кездесуде Арман Исмуратов бас төреші қызметін атқарған еді.
«Жетісу» бесінші турдан кейін үш ұпаймен он бірінші орында келеді.
Самат Смаков талдықорғандық клубтың тізгінін биыл ұстады.
