4 сағат бұрын
«Шахтёрдың» бұрынғы футболшысы жол апатынан қайтыс болды

Фото: «Шахтёр» ФК
Қарағандылық «Шахтёр» клубы мен Хорватия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Никола Покривач жол апаты салдарынан 39 жасында қаза тапты.
Ол Хорватияның Карловац қаласында жаттығудан қайтып келе жатқан сәтінде жантүршігерлік апатқа ұшыраған.
2014 жылы Покривач Қазақстан чемпионатына ауысып, қарағандылық «Шахтёр» сапында бір жыл доп тепті . Осы аралықта ол «кеншілер» сапында 31 матч өткізіп, 1 гол соғып, 3 нәтижелі пастың авторы атанды.
Одан бөлек мансабында «Вартекс», загребтік «Динамо», «Монако», «Ред Булл Зальцбург», запрешичтік «Интер» , «Риеку», «Маккаби Петах-Тиква» және «Славен Белупо» командаларында ойын көрсеткен.
Халықаралық аренада да Покривач өзін жақсы қырынан көрсете білді. Ол Хорватия ұлттық құрамасы сапында 15 кездесуге қатысып, 2008 жылғы Еуропа чемпионатында ел намысын қорғады.
2015 жылы оған қатерлі ісік диагнозы қойылып, футболшы мансабын аяқтауға мәжбүр болды. Алайда, өмірдің сынағына мойымай, аурудан айыққан соң, Хорватияның төртінші лигасында ойнайтын «Войнич '95» клубында қайта алаңға шықты.
