7 сағат бұрын

«Қайрат» пен «Астананың» сенсациялық нәтижесі: Бесінші турдың ерекшелігі қандай?

«Қайрат» пен «Астананың» сенсациялық нәтижесі: Бесінші турдың ерекшелігі қандай?

Фото: kffleague.kz

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы бесінші турында жанкүйерлер күтпеген нәтижелер тіркелді. Көш басында келе жатқан «Қайрат» пен «Астана» ойда-жоқта ұпай жоғалтса, «Ордабасы» алғашқы ұпайына қол жеткізді. «Ақтөбе» сырт алаңда «Тобылдан» ойсырай жеңілді. Төрешілерге қатысты қатаң сын айтылды. Sport12kz бесінші турдың нәтижесі мен ерекше жағдайларын таразылап көрді.

19 сәуір

«Ұлытау» (Жезқазған) - «Оқжетпес» (Көкшетау) 0:1 (0:1)

Гол: Дәурен Жұмат пенальтиден 43 (0:1).

Бесінші турдың алғашқы ойынында былтыр бірінші лигада сынға түскен қос команда өзара шеберлік байқасты. Жезқазғандық клуб әлі де өз ойынын таба алмай жүр. Ал құрамына негізінен қазақстандық ойыншыларды тартқан көкшетаулық клуб әзірге жанкүйер көңілінен шығатын нәтижеге қол жеткізіп жүр. Бұл ойында да олардың басымдығы байқалып тұрды. Кездесу тағдырын шешкен жалғыз голды «Оқжетпес» сапынан Дәурен Жұмат өзінің еншісіне жазды.

«Ордабасы» (Шымкент) - «Жетісу» (Талдықорған) 1:0 (1:0)

Гол: Эвертон Мораес 45+4 (1:0).

Алғашқы төрт турда екі мәрте тең түсіп, екі мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан шымкенттік команда бұл ойында жанкүйерлер алдында сенімнен шығатын ойын көрсетуге күш салды. Алайда оған талдықорғандық клуб бірінші кезең біткенге дейін мүмкіндік берген жоқ. «Ордабасы» сапынан Эвертон Мораес соққан жалғыз гол кездесу тағдырын шешті. Ойын барысында төрешілер тарапынан көптеген қателікке жол берілді. Осындай жүйесіз шешімге наразы болған «Жетісудың» бас бапкері Самат Смаков төрешіні балағаттап, қызыл қағазбен алаңнан қуылды. Ойын біткеннен кейін ол төрешілерге қатысты сын айтты. Мұндай жүйесіз шешім қазақ футболын дамытпайды деген пікірін жасырып қалған жоқ.

«Атырау» - «Қызылжар» (Петропавл) 1:2 (0:1)

Голдар: Матеус Барбоса автогол 21 (0:1), Мирам Сапанов 71 (1:1), Дарко Зорич 90+6 (1:2)

Қызыл қағаз: Лука Гадрани 90+4.

«Атыраудың» дегені болар емес. Алғашқы турда өз алаңында «Елімайды» сүріндірген олар содан бері жеңіске жете алар емес. Қатарынан бес мәрте қарсыластарына есе жіберіп, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды. Есесіне «Қызылжар» алғашқы жеңісіне төрт турдан кейін жетті. Оған дейін петропавлдық клуб екі мәрте тең түсіп, екеуінде қарсыласына есе жіберіп қойған еді. Сондықтан командаға жаңа бапкер шақырылды. Енді бұл міндетті сериялық Милич Чурчич атқаратын болды. Ол бұрынғы жылдары қостанайлық «Тобылдың» тізгінін ұстаған еді. Кездесу барысында атыраулық команда өз қақпасына автогол соғуға мәжбүр болды. Ойын барысында таразы басын теңестірді. Алайда петропавлдық клуб кездесу бітетін уақытта жеңіс голын соғып кетті.

«Тобыл» (Қостанай) - «Ақтөбе»

Голдар: Марко Вукчевич 45+1 (1:0), Ислам Чесноков 78 (2:0).

Турнир кестесінде қатарлас келе жатқан қос команда арасындағы кездесуде жанкүйерлер тең нәтиже тіркеледі деген ойда болғаны рас. Дегенмен ойын барысында қостанайлық клуб жеңіске деген жігер көрсетті. Алдымен Марко Вукчевич есеп ашса, одан кейін Ислам Чесноков есепті үстемелей түсті. «Ақтөбе» командасы жеңістің ащы дәмін татып, турнир кестесінде үздік үштіктегі орнын сақтап қала алған жоқ. Есесіне «Тобыл» бір сатыға жоғарылап, үздік үштікке енді.

20 сәуір

«Қайсар» (Қызылорда) - «Қайрат» (Алматы)

Жанкүйерлер бұл кездесуде алматылық клуб еш қиналмастан жеңіске қол жеткізеді деген ойда болды. Кліең қазақстандық футболшылардан құралған «Қайсар» оларға тоқсан минут түгесілгенше лайықты төтеп бере білді. Екінші кезеңде Дастан Сәтпаев және Жоао Паоло секілді негізгі құрам ойыншылары жасыл алаңға шықты. Соған қарамастан таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Осылайша алматылық команда ойламаған жерден тең нәтижеге қанағат білдірді. Ал қызылордалық клуб әзірге өз алаңындағы барлық кездесуде теің нәтижені тіркеді.

«Тұран» (Түркістан) - «Астана» 1:1 (0:1)

Голдар: Марин Томасов 30 (0:1), Хуршидбек Мухторов 84 (1:1).

«Қайраттың» Қызылордадағы тең ойынын олардың бас жүлдеден негізгі қарсыласы – елордалық «Астана» тиімді пайдалана алған жоқ. Ойын барысында «Астана» сапынан хорватиялық жартылай қорғаушы Марин Томасов мергендік танытқан еді. Осылайша 37 жастағы шабуылшы биылғы маусымдағы алтыншы голын соғып, сұрмергендер көшінде жеке-дара көш басына шықты. Дегенмен елордалық ойын соңына таман өз қақпасына гол жіберіп, тең нәтижеге қанағат білдірді.

«Жеңіс» (Астана) - «Елімай» (Семей) 0:1 (0:0)

 Гол: Самюэль Одеоибо 90+1 (0:1)

Қазірге дейін төрт мәрте тең түскен елордалық «Жеңіс» командасы биылғы маусымда алғаш рет жеңіліске ұшырады. Тоқсан минут біткенше командалар бір-біріінң қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Семейлік клуб соңғы минутта жеңіс голын соғып, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Олар бесінші орынға көтерілді.

Енді алтыншы тур ойындары 26 және 27 сәуір күндеріне белгіленген. 


Хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатын сәтсіз бастады

Хоккей 3 сағат бұрын

Хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатын сәтсіз бастады

Көркем гимнастикадан әлем кубогында Қазақстан құрамасы қола алды

Басқа 4 сағат бұрын

Көркем гимнастикадан әлем кубогында Қазақстан құрамасы қола алды

Ангелина Лукас - абсолютті әлем чемпиондығына басты үміткер

Бокс 6 сағат бұрын

Ангелина Лукас - абсолютті әлем чемпиондығына басты үміткер

«Қайрат» пен «Астананың» сенсациялық нәтижесі: Бесінші турдың ерекшелігі қандай?

Футбол 7 сағат бұрын

«Қайрат» пен «Астананың» сенсациялық нәтижесі: Бесінші турдың ерекшелігі қандай?

«Елімай» елордада «Жеңістен» жеңісті жұлып алды

Футбол 7 сағат бұрын

«Елімай» елордада «Жеңістен» жеңісті жұлып алды

Өзбекстан атынан сынға түсетін Руслан Абдуллаев кезекті рет жеңіске жетті

Бокс 7 сағат бұрын

Өзбекстан атынан сынға түсетін Руслан Абдуллаев кезекті рет жеңіске жетті