2 сағат бұрын
Бүгін УЕФА президенті Астанаға ресми сапармен келеді

Фото: Қазақстан футбол федерациясы
Бүгін, 24 сәуірде УЕФА президенті Александер Чеферин Астанаға ұшып келеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман мәлімдеді.
ҚФФ өкілінің айтуынша, бұл сапар ресми мәртебеге ие және Қазақстан футболы күніне орай ұйымдастырылып отыр.
Сапар барысында Чеферин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі деп жоспарланған. Сонымен қатар, ол елорданың бірқатар спорт инфрақұрылымын аралап, жас футболшылармен жүздеседі деп күтілуде.
Айта кетейік, биыл ақпанда Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров Швейцарияның Ньон қаласында УЕФА басшысымен келіссөздер жүргізген болатын. Кездесу нәтижесінде УЕФА Қазақстан футболын дамытуға жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеді. Бұл қолдау балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, ішкі біріншіліктердің деңгейін арттыру, инвестиция тарту, заманауи технологияларды енгізу және инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтиды.
