26.04.2025
«Барселона» – «Реал»: Эль-Класиконы қайдан көреміз?

Фото: «Реал Мадрид» ФК
Бүгін – футболсүйер қауым үшін ерекше күн! Испанияның екі алпауыт ұжымы мадридтік «Реал» мен «Барселона» ел кубогын сарапқа салады, деп хабарлайды Sport12.kz.
Эль-класико аталып кеткен бұл текетірестің тарихы тереңде жатыр. Қос тараптың жолы бұған дейін ресми түрде 295 рет түйіскен. Оның 124-інде «Барселона» жеңіске жетсе, 109 матчта «Реал Мадрид» басым түскен. Тағы 62 ойын тең нәтижемен аяқталған. Испания Суперкубогының финалында өткен соңғы ойында «Барселона» бітіспес қарсыласын 5:2 есебімен ойсырата жеңген.
Екі команданың финалға дейінгі жолын еске түсірейік. «Барселона» турнир барысында «Атлетико Мадрид», «Валенсия», «Бетис» және «Барбастроны» жеңіп, финалға шықты. Ал «Реал Мадрид» болса «Депортиво Минера», «Реал Сосьедад», «Сельта» және «Леганес» сынды командаларды жарыстан ығыстырып, шешуші матчқа жолдама алды.
Дәл қазір ішкі чемпионатта «Барселона» 76 ұпаймен көш басында. Ал «Реал Мадрид» 72 ұпаймен басты қарсыласын өкшелеп, екінші орында келеді.
Айта кетейік, тартысты матч сәуірдің 26-нан 27-не қараған түні, Қазақстан уақытымен сағат 01:00-де басталады. Испания кубогының финалдық кездесуін LIVE SPORT 12 Telegram-арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.
