5 сағат бұрын
Бас бапкер Әли Әлиев Дастан Сәтпаевтың ойынын бағалады

Қазақстан құрамасының бас бапкері Али Алиев шабуылшы Дастан Сәтпаевтың ұлттық құрамадағы болашағы туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Sport12.kz
2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясында өткен Лихтенштейнге қарсы ойында Сатпаев алғаш рет ұлттық құрама сапында негізгі құрамда алаңға шықты. Ол таза шабуылшы ретінде ойынға қосылғанымен, нәтижелі әрекеттермен көзге түсе алмады. Осыған байланысты бапкер оны 70-ші минутта алаңнан ауыстыруға мәжбүр болды.
– Өткен ойында Сәтпаевты таза шабуылшы ретінде шығардыңыз. Бірақ ол қапталда жақсырақ ойнайтын секілді көрінді. Сіздің ойыңызша, оның құрамадағы болашағы қандай? – деген сұраққа Алиев:
– Бұл жайында маған көп адам айтып жатыр. Шабуылда жалғыз өзі ойнай ала ма, жоқ па – оны тек ресми ойын арқылы біле аламыз. Дастан Сәтпаев – біздің болашағымыз, жұлдызымыз. Оны басқа қай жерде сынай аламын? Ол бүкіл мансабында екі футболшымен шабуылда ойнап келді. Енді біз оны жалғыз шабуылшы ретінде байқап көрдік. Егер алаңда кеңістік болса, жылдамдығының арқасында сытылып кетеді деген жоспар болған, – деді бас бапкер.
Алиевтің айтуынша, бұл тәжірибе Сәтпаев үшін алғаш рет болғандықтан, оған пайдалы болған. Бапкер шабуылшының әлеуеті жоғары екенін атап өтіп:
– Егер ол «Челси» командасының негізгі құрамына енсе, бір шабуылшы ретінде де ойнай алады. Біз оны Қазақстан құрамасында осылай пайдаланып, болашаққа тәжірибе бердік, – деп қорытындылады.
