5 сағат бұрын
Қазақстан УЕФА Суперкубогының финалын өткізуге өтінім берді

Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман УЕФА басшысы Александр Чефериннің Астанаға сапарының жай-жапсарын айтып берді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Құрманның айтуынша, Чефериннің сапарының басты мақсаты – Қазақстанның бірнеше ірі халықаралық футбол турнирін өткізуге берген өтінімдеріне қолдау көрсету. «Толығырақ айта алмаймын, ең бастысы – бізге 17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаттарын өткізу қажет. Бұл инфрақұрылым мен қазақ футболының дамуына үлкен серпін береді», – деді ол өзінің YouTube-арнасында.
Сонымен қатар, Құрман Қазақстан УЕФА Суперкубогының финалын өткізуге ресми түрде өтінім бергенін растады. Чефериннің сапары да осы бастамаларды жоғары деңгейде талқылауға арналған. «Осы мақсатта ол Қазақстанға келді, осы мақсатта Президентпен кездесу ұйымдастырылды. Бәрі шешілді. Енді оң жауап күтіп отырмыз», – деп атап өтті ҚФФ өкілі.
Айта кетейік, УЕФА басшысы Александр Чеферин Қазақстанға 25 сәуірде ресми сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен және ҚФФ басшылығымен кездесті.
