5 сағат бұрын
Қызылордадағы сенсация: «Қайсар» кезекті рет фавориттен ұпай алды

ҚПЛ-дің кезекті турында Қызылордада өткен «Қайсар» мен «Астана» арасындағы матч 1:1 есебімен тең аяқталды, деп хабарлайды Sport12.kz
Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ қонақтар белсенді бастады. Бірнеше қауіпті сәттер туындатқанымен, оларды голға айналдыра алмады. Алаң иелері сапынан қақпашы Нұрымжан Салайдин тамаша сейвтерімен көзге түсті. Бірінші таймның соңында алаң қожайындарының қорғаушысы Карам Сұлтанов өз айып алаңында Марин Томасовқа қарсы ойын ережесін бұзды. Алайда Джеффри Чинеду белгіленген пенальтиді сәтті пайдалана алмай, допты қақпа бағанасына тигізді.
Екінші таймның 59-минутында «Астана» ойыншысы Кипрас Казуколовас өз айып алаңында Нұрдәулет Ағзамбаевты шалып жықты. Ал Айбар Жақсылықов пенальтиді дәл орындап, есеп ашты — 1:0.
Қонақтар голдан кейін алға ентелеп, тараз басын теңестіруге барын салды. Нәтижесінде 90-минутта тағы бір пенальти белгіленді. Елордалықтардың сапынан Назми Грипши екінші мүмкіндіктен қателеспей, есепті теңестірді — 1:1.
Осы нәтижеден кейін «Астана» 18 ұпаймен турнир кестесінде екінші орынға жайғасты. Олар көш бастап тұрған алматылық «Қайраттан» екі ұпайға қалып келеді. «Қайсар» 4 ұпаймен турнирдің төменгі жағында орналасқан.
«Қайсар» — «Астана» 1:1 (0:0)
Голдар: Жақсылықов (пенальти) 59 — 1:0, Грипши (пенальти) 90 — 1:1
Соғылмаған пенальти: Чинеду 41 (штанга)
