7 сағат бұрын
«Реал» жұлдызды қорғаушыны қатарға қосады

Фото: Liverpool FC/Getty Images
Англиялық қаптал қорғаушысы Трент Александер-Арнольд ресми түрде «Ливерпульмен» қош айтысты, деп хабарлайды Sport12.kz.
– Бұл шешімді қабылдау мен үшін оңай болмады. Мұнда 20 жыл ойнадым және әрбір минутын бағалаймын. Барлық арманыма қол жеткіздім. Бірақ, қоштасатын сәт келді, – деді Трент.
Белгілі инсайдер Фабрицио Романоның хабарлауынша, Трент «Реал» сапына ауысып, бес жылға жарамды келісімшартқа қол қояды. Журналист өз сөзінде қос тараптың ауызша келісімге келіп, құжат рәсімдеуге кірісіп кеткенін растады.
Айта кетейік, Александер-Арнольд – «Ливерпуль» футбол клубының түлегі. Футболшы ретіндегі мансабының бар бөлігін мерсисайдтық ұжымға арнады. «Қызылдар» жейдесінде жалпы саны 351 ойын өткізіп, 23 гол соғып, 92 ассистті өз есебіне жазды. Сондай-ақ командамен бірге 9 түрлі трофей жеңіп алды.
