16 сағат бұрын
Ханс-Дитер Флик: ауыр сәт, бірақ команда бар күшін салды

УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалы аясындағы жауапты кездесуде «Барселона» клубы қосымша уақытта «Интерден» 3:4 есебімен жеңіліп, турнирден шығып қалды, деп хабарлайды Sport12.kz
Қос матчтың жалпы қорытындысы бойынша есеп 7:6 болып, жеңіс миландық командаға бұйырды.
Кездесуден кейін «Барселонаның» бас жаттықтырушысы Ханс-Дитер Флик өз пікірін білдірді.
– Менің көңілім түсіп отыр. Бірақ бұл ойынға немесе футболшылардың күш-жігеріне байланысты емес. Олар барын салды. Өкінішке қарай, жарыстан шығып қалдық. Енді келесі маусымда қайта оралуға тырысамыз. Клуб пен оның жанкүйерлері соған лайық, – деді Флик.
Сондай-ақ ол қарсылас команданы да атап өтті:
– «Интер» – мықты команда. Олар қорғаныста жақсы ұйымдасқан, шабуылшылары өте қауіпті, допты жақсы ұстап, өз әрекеттерін автоматтандыру деңгейіне жеткізген. Бұл – мақтауға тұрарлық жұмыс, – деді бапкер.
Осылайша, финалға жолдама алған италиялық ұжым Чемпиондар лигасындағы жорығын жалғастырады.
