10 сағат бұрын
Бірінші лигада «Ертіс» көш басына шықты

Фото: pavon.kz
8 мамырда футболдан Бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 5-турының алғашқы ойын күні өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.
Алғашқы төрт турда үш мәрте жеңіске жетіп, бір мәрте тең түскен павлодарлық «Ертіс» алматылық AKAS клубымен кездесуінде үш ұпай олжалауға тырысты. Десе де оған қарсылас клуб мүмкіндік бергісі келмеді. Нәтижесінде ойынның бірінші кезеңінде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде командалар есеп ашуға тырысты. Ойынның 68-минутында «Ертіс» сапынан Рауан Орынбасар мергендік танытты.
Сондай-ақ алғашқы ойын күнінде «Ақтөбе-2» мен «Қайрат-2» (Алматы) 1:1 есебіне қанағат білдірсе, «Түркістан» «Таразды» 1:0 есебімен жеңді.
Павлодарлық клуб аталған жеңісінен кейін турнир кестесінде 13 ұпаймен көш басына шықты.
Ал астаналық «SD Family» өз алаңында шымкенттік «Академия Оңтүстік» клубынан 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Енді 9 мамырда «Екібастұз» (Павлодар облысы) бен «Шахтер» (Қарағанды), «Каспий» (Ақтау) мен «Алтай» (Өскемен), «Хан тәңірі» (Алматы) мен «Жетісай» (Түркістан облысы) кездеседі.
