4 сағат бұрын
«Қайраттың» бұрынғы ойыншысының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Фото: «Қайрат» ФК
Украина құрамасы мен алматылық «Қайрат» клубының бұрынғы ойыншысы, қазіргі таңда ресейлік «Зенит» клубының жаттықтырушылар штабына кіретін Анатолий Тимощукке қатысты Украинада қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sport12.kz.
Бұл туралы Киев қалалық прокуратурасы мәлімдеді.
Тергеу деректеріне сәйкес, Тимощук 2024 жылдың 8 қыркүйегінде Алматыда өткен қайырымдылық матчқа қатысқан. Прокуратура бұл матчты Ресей қарулы күштерін қолдауға бағытталған шара ретінде бағалап отыр. Матчта футболшылар Ленинград қоршауы құрбандарын еске алу күніне арналған, блокадалық лента түстес жейделермен шыққан. Кейін бұл жейделер аукционға қойылып, сатылымнан түскен қаражат Ресейдің Курск облысындағы соғыс салдарынан зардап шеккен тұрғындарға жіберілген. Тимощуктың жейдесі 700 мың рубльге сатылған.
Осыған байланысты оған Украина Қылмыстық кодексінің 111-2-бабы, 1-бөлігі бойынша — «агрессор мемлекетке жәрдемдесу» айыбы тағылып отыр. Аталған бап бойынша Тимощук 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір істі Украина Қауіпсіздік қызметі (СБУ) тергеп жатыр.
Айта кетейік, Анатолий Тимощук «Қайрат» намысын 2015–2016 жылдары қорғады. Ол алматылық командамен бірге Қазақстан Кубогын (2015) және Суперкубогын (2016) жеңіп алды. Сонымен қатар, «Бавария» клубының құрамында екі мәрте Германия чемпионы (2009/10, 2012/13) атанып, 2012/13 жылғы маусымда Чемпиондар лигасында топ жарды. Жартылай қорғаушы Украина құрамасы тарихында ең көп матч (144) өткізген рекорд иегері саналады.
