1 күн бұрын
Қазақстан құрамасы сәтсіздіктен кейін қалпына келуге дайын
Футзалдан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Біржан Оразов Еуро-2026 іріктеу кезеңінде Данияға қарсы матчтарға дайындық жайлы айтып берді.
— Команда кеше жиналды, бүгін екі жаттығу өткіздік. Жаттығу жиыны өте өнімді өтіп жатыр, бізді екі маңызды ойын күтіп тұр. 6 ұпай алуға тырысамыз және жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді.
Армениямен тең ойын? Әрине, бұл футзал, ешкім ұпай жоғалтудан сақтандырылмаған. Ол тең нәтижені біз жеңіліс ретінде қабылдадық, әсіресе өз алаңымызда болғандықтан өкінішті болды. Данияға қарсы матчтарда өзімізді қалпына келтіріп, жақсы нәтижеге жетуге тырысамыз.
Әлем чемпионатынан кейін екі ай жарақатымды емдеумен айналыстым. Қазір бәрі жақсы, 100 пайыз дайынмын, — деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы ақпан айында Еуропа чемпионаты-2026 іріктеу аясында Даниямен екі матч өткізеді. 1 ақпанда Кака шәкірттері сырт алаңда ойнаса, 5 ақпанда Қазақстан құрамасы Астанада дат командаларын қабылдайды.