04.02.2025
Қазақстан кәсіби футболында жаңа реформалар жасалды
Бүгін Қазақстанда кәсіби футбол жарыстарын өткізу құқығын Қазақстан футбол федерациясына (ҚФФ) қайтару туралы шешім қабылданды.
«Соңғы жылдары чемпионаттарға қатысу үшін төленетін жоғары жарна клубтарға қаржылық ауыртпалықты күшейтті. Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) бұл жарналарды 10%-ға төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл өзгеріс реформаның алғашқы қадамы ретінде қарастырылып отыр, алдағы уақытта жағдайға қарай осы бағыттағы жұмыстар жалғасады. Жарналардың азаюы клубтарға қаржылық қиындықтарға алаңдамай, жарыстарға белсенді қатысуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, футбол инфрақұрылымын реформалаудағы маңызды қадамдардың бірі — төрешілерді қаржыландыру жүйесін өзгерту. Бұған дейін матчтағы төрешілерге кететін шығындарды қабылдаушы клуб өз мойнына алатын. Ал бұл командаларға қосымша салмақ түсіретін. Енді бұл шығынды Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) өз есебінен жабады. Бұл өзгеріс клубтардың қаржылық жүктемесін азайтып қана қоймай, төрешілік жүйенің ашықтығын қамтамасыз етіп, мүмкін болатын мүдделер қақтығысын болдырмауға септігін тигізеді», деп жазды Қазақстан футбол федерациясы хабарламада.
Жалпы, бұл реформалар отандық футболдың дамуына жаңа серпін беріп, клубтардың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға және төрешілер жүйесіне деген сенімді арттыруға ықпал етеді.
Біздің серіктес: Бізге тіркел!
Қанат Байұзақов