12.03.2025
Еуропа чемпионаты: Қазақстан құрамасы бүгін шешуші ойын өткізеді

Фото: ҚФФ
Бүгін, 12 наурызда футзалдан 2026 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі алтыншы турда Қазақстан және Армения кездеседі.
Аталған ойын 12 наурызда елорда уақытымен 19:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі құрама алтыншы топта сынға түсіп жатыр. Қазір турнир кестесінде бес турдан кейін 13 ұпаймен Армения бірінші орында тұр. Ал Қазақстанның еншісінде 10 ұпай жазылған.
Бұл кездесуде жеңімпаз болған құрама құрлықтық доданың финалдық сатысына тікелей жолдама алады.
2026 жылы Латвия мен Литва елдерінде өтетін Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне тікелей жолдама алу үшін Қазақстан құрамасына Армениямен кездесуде үш ұпай ауадай қажет. Топтық кезеңде екінші орын алған құрама 2025 жылдың қыркүйек айында өтетін өтпелі ойындары арқылы жолдамаға таласады.
Айта кетсек, қазірге дейін Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде бес ойын өткізді.
Алдымен Албанияны 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін Армениямен 4:4 есебімен тең ойнады.
Үшінші кездесуінде Даниядан 2:3 есебімен жеңіліп қалса, өз алаңында аталған қарсыласын 7:3 есебімен тізе бүктірген еді. Бесінші ойында Албаниядан 4:2 есебімен басым түсті.
Ұлттық құраманың бас бапкері Пауло Рикардо Кака аталған кездесуде төмендегі ойыншыларға сенім артып отыр.
Қақпашылар: Рауан Атантаев («Семей»), Нарун Серіков («Қайрат»), Рауан Сисенғалиев («Аят»);
Алаңдағы ойыншылар: Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Арнольд Кнауб, Жахангір Рашит, Дамир Қайырбай (бәрі – «Қайрат»), Шыңғыс Есенаманов, Ақжол Дәрібай, Ержан Карменов (бәрі – «Семей»), Лео Мендонка (РФШ, Латвия), Азат Валиуллин («Аят»), Асхат Көлбаев («Ақтөбе»), Нұрсұлтан Пиялы («Ордабасы»), Александр Дерябин («Тюмень», Ресей).
Арменияда олардың қатарына Дуглас Жуниор қосылды. Ал Лео Игита жарақатына байланысты бұл ойынға қатыса алмайды.
