22.04.2025
Чемпиондар лигасы: «Қайрат» клубының директоры жартылай финал алдында мәлімдеме жасады

Футзалдан Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген «Қайрат» клубының спорттық директоры Густаво Парадеда Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Картахенаға» қарсы ойын алдындағы дайындық жайлы ой бөлісті.
— Қарсылас өте мықты. «Картахена» — Испаниядағы өзге клубтардың көшбасшылығын тоқтатып, чемпион атанған команда. Жалпы алғанда, Испания чемпионаты — өте бәсекелі турнир. Мен оны Еуропадағы ең үздік футзал лигасы дер едім. Жартылай финалдағы мүмкіндіктер — 50/50. Нәтиже біздің ойыншылардың дайындығы мен жігеріне байланысты болмақ. Біздің команданың бас бапкері — испан маманы Марлон Веласко. Ол болашақ қарсыласымыздың әлеуетін жақсы біледі. «Қайрат» әрдайым ең биік мақсаттарды көздейді. Біз бұл турнирде тарихымызда үшінші рет жеңіске жетуді қалаймыз, — деді Парадеда.
Еске сала кетейік, 2024/2025 жылғы футзалдан Чемпиондар лигасының «Төрттік финалы» Францияның «Этуаль Лавалуаз» клубының алаңында өтеді. Жартылай финалда «Қайрат» испандық «Картахена» командасымен 2 мамыр күні кездеседі.
