14.08.2025
«Барыс» құрамын шетелдік ойыншылар толықтырды

Елордалық «Барыс» хоккей клубы алдағы маусым алдында құрамын бірқатар шетелдік ойыншылармен күшейтті, деп хабарлайды sport12.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
АҚШ қорғаушысы Иэн Маккошен 2026 жылғы 31 мамырға дейін жарамды біржақты келісімшартқа қол қойып, жаңа маусымда «Барыс» сапында өнер көрсетеді. Бір маусымға есептелген бұл келісім бойынша хоккейші Қазақстан командасының намысын қорғайды.
2013 жылы «Флорида Пантерз» клубы драфтта таңдаған Маккошен кәсіби мансабының көп бөлігін Солтүстік Америкада өткізген. Ол Ұлттық хоккей лигасында 60, ал АХЛ-де 244 ойынға қатысқан. Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы маусымын 2024/2025 жылдары «Куньлунь Ред Стар» сапында өткізіп, 61 матчта 4 шайба соғып, 11 нәтижелі пас берген.
Сонымен қатар, «Барыс» канадалық қақпашы Оливье Родригпен де біржақты келісімшарт жасасты. 2026 жылғы 31 мамырға дейін күшінде болатын келісім бір маусымға есептелген. 25 жастағы Родриг «Эдмонтон Ойлерз» жүйесінен келді. Өткен маусымда ол ҰХЛ-де алғаш рет мұз айдынына шығып, сондай-ақ АХЛ-дегі «Бейкерсфилд Кондорс» сапында 41 ойын өткізді.
Бұған дейін ресейлік шабуылшы Эмиль Галимов та «Барыс» сапына қосылған еді. Сонымен бірге клуб қазақстандық хоккейшілер Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Батырлан Мұратов, ресейлік қорғаушы Юрий Паутов және шабуылшы Владимир Волковпен келісімге келді.
Ал клубтың тәжірибелі ойыншысы Роман Старченко «Барыс» сапында тағы бір жыл өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, биыл «Барыс» хоккей клубының бас бапкері қызметіне Михаил Кравец тағайындалды.
Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас
