3 күн бұрын

Өскеменде хоккейшінің өліміне байланысты сот үкімі шықты

Өскеменде хоккейшінің өліміне байланысты сот үкімі шықты

Фото: kompromat1.online

Өткен жылдың тамыз айында Өскемен қаласындағы спорт сарайының фойесінде көз жұмған хоккейшінің өліміне байланысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sport12.kz.

Бұл Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында азамат Л.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған адамның өліміне әкеліп соққан өз бетінше әрекет жасау (ҚК 389-бабы 4-бөлігі) бойынша айып тағылған болатын.

2024 жылғы 2 тамызда «Александров атындағы спорт сарайының» фойесінде Л. мен П. арасында жанжал туындаған. Сол кезде Л. сол қолымен П.-ның мойнын оң жағынан қысып ұстап, біраз уақыт бойы күш қолданып, босатпауға тырысқан. П. өздігінен босануға әрекет жасағанымен, оған мүмкіндік болмаған. Кейін оларды ажыратып алған соң, П.-ның жағдайы күрт нашарлап, ол есінен танып құлап түскен. Ауруханаға жеткенше П. көз жұмған. Сарапшының қорытындысына сәйкес, П.-ның өлімі мойынның рефлексогендік аймағына жабық, доғал жарақат салдарынан жүрек қызметінің рефлекторлық тоқтауынан болған.

Істегі дәлелдемелер жиынтығын бағалай келе, сот Л.-ның іс-әрекетінде ҚК-нің 389-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының жоқ екенін анықтады. Сонымен қатар, Л.-ның әрекеті мен П.-ның өлімі арасында себеп-салдар байланысы бар екені дәлелденді. Іс мән-жайларына сүйене отырып, сот Л.-ның әрекетінде абайсызда адам өліміне әкелген қылмыстық немқұрайлық (ҚК 104-бабы) бар деп таныды.

Мемлекеттік айыптаушы Л.-ға ҚК 389-бабы 4-бөлігі бойынша 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер мен олардың өкілдері Л.-ның әрекетін ҚК 106-бабының 3-бөлігіне (абайсызда адам өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын салу) қайта саралауды сұрады. Алайда, ҚПК 340-бабы 5-бөлігіне сәйкес, неғұрлым ауыр айып тағу прокурордың құзыретінде болғандықтан, мемлекеттік айыптаушы бұл негіздерді қарастырмай, өз ұстанымында қалды.

Сот үкімімен Л. ҚК 104-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Аталған бап шағын ауырлықтағы қылмыс санатына жатады және 3 жылға дейінгі бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Тергеуші мен прокурор айыптау актісінде жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды көрсетпегендіктен, сот оларды өз бастамасымен анықтауға құқылы емес. Істе ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот Л.-ның кәмелетке толмаған қызының бар екенін және оның алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырғанын ескерді. Жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың арақатынасына сәйкес, ҚК 55-бабы 2-бөлігі 1-тармағына сай сот ең жоғары жаза мөлшерінің жартысын ғана тағайындай алады. Осыған байланысты Л.-ға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасының Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық туралы» Заңының 2-бабы 1-тармағы 1-тармақшасына сәйкес, Л. 1 жыл 6 ай мерзімге тағайындалған жаза түрінен босатылды.

Жәбірленушілердің моральдық зиянды және өкілдік шығындарды өтеу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Материалдық зиян өтелген жоқ.







Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас