24.11.2025
Талғат Жайлауов: Азия чемпионатында хоккейшілеріме сендім
Шайбалы хоккейден ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Жайлауовтың жетекшілігімен жігіттеріміз Қытай астанасы Бейжіңде екінші Азия чемпионатында топ жарды. Осы орайда Sport12.kz сайтының тілшісі жаттықтырушының пікірін білді.
Азия чемпионатының алдында ғана құраманың тізгінін ұстаған ең жас бапкер атандыңыз. Сіз үшін бірінші салмақты турнир қалай өтті?
- Азия чемпионаты біз үшін өте жақсы аяқталды. Барлық үш ойында да жеңіс біздің тарапта болды. Өзім хоккейшілеріме сендім. Қатты қобалжу болмады. Барлықтарыңызды жеңістеріңізбен құттықтаймын!
Сіздер үшін ең қиын матч шешуші Жапониямен өткендей көрінді. Өйткені ойын 4:3 есебімен ғана бітті...
- Жапония - жақсы ұйымдасқан команда. Біз оларды алдын ала зерттегенбіз. Жігіттеріміз есепте алға шыққан соң, ойын мәнері соңына дейін осылай сақталады деп, сәл босаңсып қалды. Салдарынан 4:3 есебі тіркелді. Бастысы, біз жеңіске жеттік. Ойыншылар үшін бұл есеп сабақ болады деп ойлаймын.
Бас бапкер ретінде құрамды қалай жасақтадыңыз?
- Азия чемпионатының алдында ғана ұлттық құраманың бас бапкері ретінде тағайындалдым. Қысқа ғана уақытта құраманы жасақтауға тура келді. Біз үшін ең бастысы, жігіттер физикалық тұрғыдан дайын болғаны қажет болды. Олар 100 пайыз өз міндеттерін атқарды.
Азия чемпионаты секілді жарыстың қандай пайдасы бар?
- Ұлттық құрама үшін Азия чемпионатының маңызы зор. Біріншіден, ойыншылардың әлеуетін тексеруге жаңа мүмкіндік. Өздеріңіз байқағандай, сары құрлықтың додасында көптеген жаңа хоккейшілер шақырылды. Екіншіден, жаңа есімдердің шығуы. Әлем чемпионатына дайындықты қазірден бастап кеттік. Осы турнир арқылы өзге де мықты хоккейшілерді байқай алдық. Қазірдің өзінде түртіп алған ойыншыларымыз бар.
Сұхбатыңызға рақмет!
Отандастарымыз үш ойында да қарсыластарын қапы қалдырып, сенімді түрде чемпион атанды. Олар алғашқы ойында Оңтүстік Кореяны 4:2, одан кейін Қытайды 5:1, Жапонияны 4:3 есебімен жеңді.
Сары құрлықтың додасы ең алғаш рет 2024 жылы Алматы қаласында басталып, жерлестеріміз алтын жүлдені еншілеген еді.
Біздің серіктес: «Ойна, болжа, қатыс!»
Қанат Байұзақов