02.02.2025
Кәсіпқой бокс: Давид Бенавидес 30-шы жеңісіне қол жеткізді
Кәсіпқой бокстан Лас-Вегаста (АҚШ) өткен кеште жартылай ауыр салмақтағы Давид Бенавидес (30-0, 24 KO) жеңілістің дәмін татпаған Давид Морреллден (11-1, 9 KO) айласын асырды.
Айта кетейік, Бенавидес Геннадий Головкиннің спарринг қарсыласы болса, Моррелл 2022 жылы жерлесіміз Айдос Ербосынұлын нокаутқа жіберген еді.
Жанкүйерлер асыға күткен айқаста Давид Бенавидестің тәжірибесі мол екендігі, соққы жұмсаудағы шеберлігі, сауатты қорғанысымен ерекшелене білді. Шаршы рингтің ортасын беріп қойған Моррелл тек 11-раундта ғана күтпеген жерден қарсыласын нокдаунға жібергені болмаса, жекпе-жек толықтай Бенавидестің бақылауымен өтті.
Нәтижесінде Давид Бенавидес 12 раундтың қорытындысы бойынша, төрешілер шешімімен (115-111, 115-111, 118-109) жеңіске жетті.
Соққылар:
Бенавидес — 553 соққының 224-і дәл тиді.
Моррелл — 601 соққының 153-і дәл тиді.
Енді кіммен шығады?
Біршама жыл Сауль Альваресті күтіп, ақыры кездесе алмаған Давид Бенавидес алдағы уақытта Артур Бетербиев пен Дмитрий Бивол жұбының жеңімпазын асыға күтеді.
Біздің серіктес: Бізге тіркел!
Қанат Байұзақов