1 күн бұрын
«Барыс» қатарынан жетінші мәрте жеңілді

Фото: «Барыс» хоккей командасы
Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 20 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Северсталь» (Череповец) командасына қарсы өткізді.
Елордалық клубтың көптеген хоккейшісі Қысқы Азия ойындарына қатысуына байланысты «Барыстың» бірқатар кездесуінен сырт қалды. Бүгінгі ойында олардың барлығы дерлік айдынға шықты. Соған қарамастан ресейлік хоккейшілер тізгінді өз қолында ұстады.
Ойынның 10-минутында «Северсталь» сапынан Руслан Абросимов есеп ашса, одан кейін Николай Буренков 23, Александр Кручинин 30-минутта мергендік танытты.
Ал «Барыс» капитаны Роман Старченко 33-минутта есеып айырмасын қысқартса, одан кейін ресейлік клубтан Михаил Ильин 34, Кирилл Пилипенко 37, Андрей Чуркин 45-минутта үш шайба соғып кетті.
Елордалық клубтан Семён Симонов 52-минутта қорытынды есепте белгіледі.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:6 есебімен есе жіберіп, қатарынан жетінші мәрте жеңіліп қалды.
