5 сағат бұрын
ҚХЛ: «Барыс» «Адмиралдың» осал тұсын тапты

Фото: «Барыс» хоккей командасы
Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 13 наурызда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасына қарсы өткізді.
Елордалық команда бірқатар ойыншының жарақат алуына байланысты аталған кездесуге негізінен жастарды алып барды. Соған қарамастан олар ресейлік командаға лайықты қарсылық көрсетті.
Ойынның алғашқы сәттерінде ресейлік клубтың белсенділігі байқалды. Нәтижесінде олар қатарынан үш шайба соғып кетті. Бұл голдарды Либор Шулак 2, Джек Родевальд 8, Павел Шэн 21-минутта өзінің еншісіне жазды.
Оған «Барыс» хоккейшісі Әлихан Өмірбеков 28-минутта бір голмен жауап қайырса, Даниил Гутик 29-минутта қайтадан «Адмиралдың» басымдығын арттырды.
Осыдан кейін елордалық команда жинақы қимылымен көзге түсті. Алдымен Семён Симонов 42-минутта гол соқса, одан кейін Михаил Рахманов 48, Әділ Бекетаев 59-минутта мергендік танытты.
Негізгі кезең 4:4 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллиттен «Барыстың» жолы болды.
Енді «Барыс» бұдан кейін ҚХЛ-дың тұрақты кезеңінде төрт ойынын өткізеді.
Алдымен Ресейде 15 наурызда «Амур» (Хабаровск) клубымен кездессе, 17 наурызда «Сибирь» (Новосібір) командасымен ойнайды.
