7 сағат бұрын

Бұлбұл Қартанбай: VI Қысқы Спартакиадада хоккейшілерім алғашқы шайбаларын соқты

Бұлбұл Қартанбай: VI Қысқы Спартакиадада хоккейшілерім алғашқы шайбаларын соқты

Төрт жылда бір мәрте ұйымдастырылатын республикалық қысқы спартакиадада шайбалы хоккейден Өскемен қаласындағы әйелдер арасындағы жарыс аяқталды, деп хабарлады Sport12.kz cайты.

Азиада сенсациясы

Шайбалы хоккейден әйелдер құрамасы ақпан айында Харбин төрінде өткен IX Қысқы Азия ойындарында кіл мықтыларға қарсы лайықты қарсылық көрсетіп, күміс жүлде жеңіп алып еді. Міне, енді араға 2 ай салып, сол аруларымыз өз облыстарының намысын қорғады. Турнирге Шығыс Қазақстан облысы, Алматы қаласы, Астана қаласы, Алматы облысы, Қарағанды облысы бас бәйгеге таласса да, чемпиондық атақ жарыс қожайыны мен Алматы қаласының арасында өрбитіні белгілі еді. Себебі, өткен 5 қысқы Спартакиада да қос ұжым финалда кездесіп, барлығында алматылықтар жеңісті тойлаған. Оның үстіне ұлттық құраманың 11 ойыншысы (Алматы қаласы - 6, ШҚО - 5) осы командаларда болды.

Кім жүлде алды?

26 наурыз - 1 сәуір күні аралығында Өскемен қаласындағы 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасының чемпионы Борис Александров атындағы спорт кешенінде жалғасқан додада жалпы 95 хоккейші қатысты.

Нәтижесінде Алматы қаласының хоккейшілері өте тартысты ойында Шығыс Қазақстан облысының командасын 3:1 есебімен жеңіп, кезекті рет топ жарды. Үшінші орынды мерзімінен бұрын Алматы облысы иеленді.

Астана қаласының аяқ алысы қалай?

Шайбалы хоккейден өткен аптада Өскемен қаласында мәресіне жеткен VI Қысқы Спартакиадада Астана қаласының арулары да қатысып, соңғы орынды алды. Жарыс жолында олар Алматы қ. (0:14), Шығыс Қазақстан облысы (1:19), Алматы облысы (2:8), Қарағанды облысымен (3:6) күш сынасты. Осы орайда Астана қаласының бас бапкері Бұлбұл Қартанбай бәсекені қорытындылады.

VI Қысқы Спартакиадада Астана қаласы соңғы орынды алды. Әйтсе де бұл сіздің хоккейшілеріңіз үшін мол тәжірибе шығар?

⁃ Турнирдегі ең жас команда болдық. Өскемен қаласына жетуіміз де қызық болды. Бастапқыда мен 15 наурыз күні Канадаға ұшуым керек еді. Бірақ жағдайларға байланысты билетімнен бас тартып, Өскеменге команданы бастап бардым. Автобуспен 14 сағатта жеттік. Қиындықтарға қарамастан, барлығымыз көңіл-күйімізді түсірмеуге тырыстық. Ұлттық құраманың ойыншыларынан жасақталған командалармен күш сынассақ та, қыздарым ірі турнирдегі алғашқы голдарын соқты. Астана қаласының 14 жастан жоғары құрамасының жасақталғанына бір жылдан ғана асты. Бастапқыда ел чемпионатында шайба салудың өзі мұң еді. Енді 3 кездесуде қарсылас қақпасынан саңылау таптық. VI Қысқы Спартакиада хоккейшілерімнің сенімділігін арттырғаны сөзсіз. 

Командаңыздың атмосферасына сырт көзбен қарасақ, хоккейшілеріңіз ашық, әр салынған шайбаға қуаныштарын жасырмайды. Бұл бәлкім сіздерді өзге командалардан ерекшелейтін шығар?

⁃ Барлығы бапкерге тікелей байланысты. Қыздарымның сенімді өнер көрсетуі үшін барымды салдым. Тактиканы жіті түсіндіріп, әрқайсысын қолдадым. Біз жарыстың дебютантымыз. Салыстырмалы түрде «Айсұлу» (Алматы қ.), «Торпедо» (ШҚО) ұжымдарының мұз айдынында жүргендеріне 20 жылдан асты. Сондықтан қарсыластан тартып алынған әр шайбаға, әр шабуылға қуанышымызды жасырмадық.

Сіз 10 жылдай бұрын Астанаға хоккейші ретінде ауысып едіңіз. Сол сәттерде де Астана қаласының намысын қысқы Спартакиадада қорғап па едіңіз?

⁃ Иә, 2013 жылы Астанада енді ашылып жатқан «Томи­рис» хоккей командасына ша­қырту алдым. Сол сәттен бері 2017 жылы IV Қысқы Спартакиадада елорданың намысын қорғап, жүлдегерлердің қатарына кірдік. Ал 2021 жылғы қысқы Спартакиадада астаналық қыздардың саны өте аз болды. Енді 2025 жылы 19 хоккейшіні жарысқа қостым.

Әйелдер хоккейі қатты танымал болмаса да, IX қысқы Азиадада аруларымыз сенсация жасап, күміс медальді иеленді. Бірақ әлі де даму деңгейі төмен деп санайсыз ба? Кейінгі 10 жылда Астанадағы әйелдер хоккейінің дамуына қандай баға бересіз? Сан жағынан қаншалықты артты?

⁃ Қысқы Азиадада әйелдер құрамасы чемпион болғанын қалаған едім. Иә, олар жоғарғы лигада ойнайды және әлемдік рейтингте 7-орында тұр. Бірақ біз де өткен Азия ойындарында бірнеше рет топ жарғанбыз. Ал даму жағына келсек, 2-3 жылдан бері Астанада хоккеймен айналысатын қыздардың саны 120-130-ға жетті. Барлығы қолдау мен қаржылық жағына тікелей қатысты. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 2-3 есеге арттырсам деген жоспарым бар.

Сіз әйелдер хоккейіне кездейсоқ келгеніңізді айтып едіңіз. Енді қазір көпшілік қыздар саналы түрде хоккейге келетін шығар? Қызығушылық қаншалықты? Хоккейге ден қойғандардың басты мақсаты не?

⁃ Өздеріңіз білетіндей, «Барыс» хоккей клубы 1999 жылы құрылып, тек қана Қазақстан чемпионатында ғана емес, Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынап жүр. Әлемдік деңгейдегі «Барыс Арена» мұз сарайымыз бар. Бұның барлығы қала тұрғындарының назарын елеусіз қалдырмай, жергілікті жанкүйерлердің шоғырын қалыптастырды. Хоккейге келетіндердің дені де «Барыстың» ойынына баратын, көретін жас қыздар. Екіншіден, қазір әлеуметтік желінің дәуірі. Мен де заманауи трендтерден қалыс қалмай (Instagram - 37,9 мың оқырман, TikTok - 10,9 мың жазылушы), үнемі әйелдер хоккейін насихаттауға тырысамын.

Сіз әлеуметтік желіні белсенді қолданудың арқасында АҚШ, Канададан шақырту алғаныңызды айттыңыз. Қазіргі сәтте бұл тәжірибеңізді өзге отандық спортшылар да қолдана ма? Жас шәкірттеріңізге қандай қасиеттерді сіңдіруге тырысасыз?

⁃ Әлеуметтік желінің күшімен түрлі видеолар түсіріп, АҚШ пен Канададан шақырту алдым. NHL-де ойнап, АҚШ хоккей клубының бас жаттықтырушысы да болдым. Енді өз тәжірибемді жас қыздарға ұсынып, біліктілігін арттыруға күш салудамын. Барлығы әр жас хоккейшінің мақсат қоюы мен еңбектенуіне байланысты. Таланттар өте аз. Көп ойыншылар шынайы еңбектің арқасында жоғары жетістікке жетеді. Мен де өз тарапымнан АҚШ пен Канадада қыздардың тегін жаттығып, келісім-шарт алуына көмектесемін. Болашақта бұл қыздар мұхит асып кетсе де, әлем чемпионаты сынды ірі додаларда Қазақстан ұлттық құрамасында ойнауға міндеттеу керек.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Малайзияда сәтті ойын көрсетті

Футбол 2 сағат бұрын

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Малайзияда сәтті ойын көрсетті

«Арлан» Қазақстан чемпионаты финалдық кезеңін сәтті бастады

Хоккей 2 сағат бұрын

«Арлан» Қазақстан чемпионаты финалдық кезеңін сәтті бастады

Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлыбританиядан жеңілді

Хоккей 3 сағат бұрын

Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлыбританиядан жеңілді

Ербол Мырзабосынов Freedom QJ League жобасының даму жоспарымен танысты

Футбол 4 сағат бұрын

Ербол Мырзабосынов Freedom QJ League жобасының даму жоспарымен танысты

Мадридте өткен жартылай марафонда екі спортшының жүрегі тоқтап қалды

Басқа 5 сағат бұрын

Мадридте өткен жартылай марафонда екі спортшының жүрегі тоқтап қалды

Қазақстан әйелдер құрамасы ӘЧ алдындағы жолдастық кездесуде жеңіліс тапты

Хоккей 6 сағат бұрын

Қазақстан әйелдер құрамасы ӘЧ алдындағы жолдастық кездесуде жеңіліс тапты