11.04.2025

Президент «Барыс» хоккей клубының балалар командасына қолдау білдірді

Президент «Барыс» хоккей клубының балалар командасына қолдау білдірді

Фото: hcbarys.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барыс» хоккей клубының балалар мен жасөспірімдер командасы ойыншылары ата-аналарының шағымына назар аударды.

Бұл жөнінде ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.

- Ата-аналар хатта қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты Қазақстандағы балалар хоккейінің келешегіне алаңдаушылықтарын жеткізген. Олардың жазуынша, аталған мәселеге клубтың қазіргі басшылығы көз жұма қараған. Сондықтан Президенттің осы іске араласуын сұраған.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселеге орай жауапты органдарға тапсырма берді. Нәтижесінде «Барыс» хоккей клубының тәрбиеленушілерін Ресейдің осы маусымдағы чемпионатына қатыстыру жұмыстары қолға алынды.

Шағымда көтерілген мәселелердің бәрі, соның ішінде клубтың отандық және шетелдік ойыншылар, жаттықтырушылар, басқа да ұйымдар алдындағы қаржылық міндеттемелері бюджет шығындарын оңтайландыру арқылы шешімін тапты.

Клубтағы қаржылық жағдайдың нашарлауына кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты тиісті шара қабылданды, - деп мәлім етті Руслан Желдібай.


Біздің серіктес: 200 000 фрибетті ұтысқа саламыз – арнаға жазыл және батырманы бас