4 сағат бұрын
Әлем чемпионаты: Қазақстан хоккей құрамасы бүгін Норвегиямен ойнайды

Фото: Қазақстан хоккей федерациясы
Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионындағы алғашқы ойынын бүгін Норвегия құрамасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды Sport12.kz.
Екі құрама қазірге дейін бес мәрте кездесті. Оның екеуінде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, қалғанында қарсыласына есе жіберді.
Кездесу қазақстандық уақытпен 15:15-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ел құрамасы дүбірлі додаға биыл 13 мәрте қатысып отыр. Әзірге ең жоғары көрсеткіші - 2021 жылғы оныншы орын.
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы В тобында ойнайды.
Қарсыластары - Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Мажарстан. Ойындар Данияның Хернинг қаласында болады.
Бапкерлер штабы алдағы турнирге қатысатын ойыншылар тізімін жариялады. Қорытынды тізімге 25 хоккейші енді.
Қақпашылар: Желал-ад-Дин Әмірбеков («Магнитка», Магнитогорск, Ресей), Сергей Кудрявцев («Арлан»), Максим Павленко («Рязань-ВДВ», Рязань, Ресей).
Қорғаушылар: Әділ Бекетаев, Самат Данияр, Тамерлан Гайтамиров, Артём Королёв (барлығы — «Барыс»), Дмитрий Бреус («Торпедо», Нижний Новгород, Ресей), Леонид Метальников («Адмирал», Владивосток, Ресей), Эдуард Михайлов («Арлан»), Валерий Орехов («Металлург», Магнитогорск, Ресей).
Шабуылшылар: Әлихан Әсетов, Дінмұхамед Қайыржан, Батырлан Мұратов, Максим Мұхаметов, Әлихан Өмірбеков, Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Роман Старченко (барлығы — «Барыс»), Владимир Волков («Арлан»), Вячеслав Колесников («Номад»), Артём Лихотников («Хумо», Өзбекстан), Никита Михайлис («Металлург», Магнитогорск, Ресей), Евгений Рымарев («Юнисон», Мәскеу, Ресей), Аркадий Шестаков («Адмирал», Владивосток, Ресей).
Ойын кестесі төмендегіше:
10 мамыр. 15:20. Норвегия - Қазақстан
11 мамыр. 19:20. Германия - Қазақстан
13 мамыр. 23:20. Қазақстан - Мажарстан
14 мамыр. 23:20. Қазақстан - Дания
17 мамыр. 19:20. Чехия - Қазақстан
18 мамыр. 19:20. Қазақстан - АҚШ
20 мамыр. 15:20. Швейцария - Қазақстан
Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына дайындығы аясында 1-3 мамыр аралығында Астанада өткен халықаралық Qazaqstan Hockey Open турнирінде Ресей 25 құрамасына 1:4, Беларусьтен 0:2 есебімен жеңілді.
Сондай-ақ одан кейін Швецияға аттанып, онда Словенияға жолдастық кездесуде 2:3 есебімен жол беріп қойды.
