8 сағат бұрын
Олег Болякин: қорғаныстағы ойыншылар өз міндеттерін атқаруы тиіс

Шайбалы хоккейден 2025 жылғы әлем чемпионатында жерлестеріміз бесінші ойынын әлем чемпионы Чехиямен қарсы өткізді, деп хабарлайды Sport12.kz
Қазақстан құрамасы 1:8 есебімен тас-талқан болып жеңілген соң, бас бапкер Олег Болякин ойынды қорытындылады:
Бірінші кезеңде жігіттердің аянып қалмағанына қатысты ешқандай шағымым жоқ. Бірақ, әсіресе "қорғаушы" деп жазылған ойыншылар өз міндеттерін нақты орындауы керек. Ойын соңындағы сенімділік коэффициенті кімнің өз жұмысын қаншалықты атқарғанын көрсетеді. Мысалы, Королев пен Гайтамирдің есебінде "0" — яғни, жіберілген голдар жоқ. Ал сол жерде ойнаған басқа ойыншыларда – минус үш, минус төрт деп көрсетілген.
Біз чехтардың қорғаныстан шабуылға лезде ауыса алатынын алдын ала ескерткенбіз. Олар жайдан-жай әлем чемпиондары атанып, НХЛ-де ойнап жүрген жоқ. Олар бесінші голды соққанда, айқын басымдықты сезінді де, ойындары жүріп кетті.
Қайталап айтам, жанкештілік тұрғысынан ешқандай өкпе жоқ. Бірақ ойынның мазмұны, тапсырманы орындау жағынан үлкен сұрақтар мен мәселелер бар.
Енді жігіттеріміз келесі ойынын ертең Астана уақытымен 19:20-да АҚШ-қа қарсы өткізеді.
